Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: негізгі іс-шаралар қайда өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты 31 тамызда Бішкектегі жаңа стадионда өтеді. Ал ойындардың негізгі жарыстары мен мәдени-ғылыми іс-шаралары 2-6 қыркүйек күндері Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалында ұйымдастырылады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.
Негізгі іс-шаралар бағдарламасы:
• Чолпон-Ата қаласындағы ипподром — ең тартысты ат жарыстары мен мәдени фестивальдер өтетін негізгі алаң.
1-5 қыркүйек күндері өтетін спорттық бағдарламада қысқа қашықтыққа ат жарысы, яғни құнан жорға, құнан бәйге және жорға жарыстар ұйымдастырылады.
Мәдени бағдарлама аясында күн сайын «Көшпенділер үні» халықаралық этно-әндер фестивалі өтеді.
· «Көк бөрі» аренасы — көк бөрі, көкпар, теңге ілу және аударыспақ сияқты ат спорты жарыстары өтетін орын.
· Чоң Сары-Ой ауылындағы Құрманжан Датқа атындағы Көшпенділер өркениеті орталығында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрмелері, арт-жобалары мен ғылыми бағдарламасы ұйымдастырылады.
3 қыркүйекте «Көшпенділер өркениеті: мұрасы, парадигмалары және болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
· «Еуразия» қонақүйі — көшпелі халықтардың зияткерлік ойындары өтетін орын.
Мұнда күн сайын тоғызқұмалақ, мангала және овари ойындарынан турнирлер болады.
· Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығы
«Көшпенділер мұрасы» халықаралық этномәдени фестивалінің негізгі алаңында жыршылар, дәстүрлі музыкалық аспап шеберлері мен вокалистер байқауы өтеді.
· «Газпром» денешынықтыру-сауықтыру кешені ұлттық күрес түрлерінен жарыс өткізетін басты алаң болады.
1-5 қыркүйек күндері «Көшпенділердің ұлы күресі» аясында ұлттық күрестің бірнеше түрінен бәсеке ұйымдастырылады. Олардың қатарында алыш, кураш, гореш, монгол бөх, қырғыз күрөшү, қазақ күресі, кореш, пахлавани, хапсағай, гуштини милли камарбанди және гюлеш бар.
· «Дордой-Номад» мәдени-этнографиялық кешенінде халықаралық Nomad Fest музыкалық-этнографиялық фестивалі және этно-киім үлгілерінің көрсетілімі мен қолөнершілердің ауқымды жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
· Қырчын шатқалы («Көчмөндөр ааламы» этноауылы) — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ең ірі мәдени-этнографиялық алаңы.
2-5 қыркүйек күндері Қырчын шатқалында «Көшпенділер әлемі: жанды мұра» этноауылының ашылу рәсімі өтеді. Бағдарламада Этно-базар, көшпенділердің әлемдік асханасы, этно-әндер байқауы, ақындар айтысы, өңірлер мен қалалардың концерттік бағдарламалары және киіз үйді жылдам тігу сайысы бар.
Спорттық бағдарламада ұлттық спорттың сан алуан түрінен тартысты бәсекелер ұйымдастырылады. Спортшылар ордодан, ұзақ қашықтыққа ат жарысынан, садақ атудан, бүркітпен аң аулаудан сынға түседі. Сондай-ақ таяқ тартыш, арқан тарту, сумо, стронгмен және ұлттық классикалық күрес бойынша жарыстар өтеді.
Айта кетейік, Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына кіру құны белгілі болды.
31 тамызда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына келетін көрермендер үшін «Бішкек Арена» стадионына тегін шаттл-автобустар қатынайды. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына орай шаттл- автобустар іске қосылады.