Қырғызстанның 50 кеден қызметкері Камшы Көлбаевпен байланысы үшін жұмыстан шығарылды

Қырғызстанда мемлекеттік кеден қызметінің 50-ге жуық қызметкері марқұм болған қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевпен тығыз байланыста болғаны үшін жұмыстан шығарылды.

кеден
Фото: Sputnik Кыргызстан / Табылды Қадырбеков

Kazinform агенттігінің тілшісі бұл туралы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның хабарлауынша, «заңдағы ұры» Қ.Көлбаевтың кімдермен жақын байланыста болғанын анықтау бойынша жүргізіліп жатқан жоспарлы іс-шаралар барысында Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кеден қызметінің ішкі ведомстволық бұйрықтарды бұзған жекелеген лауазымды тұлғалары анықталды.

Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кеден қызметінің 50-ге жуық қызметкері атышулы қылмыс әлемінің серкесі Қ.Көлбаев және Мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовпен жақын қарым-қатынаста болғаны үшін қызметінен босатылды.

Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мемлекеттік органдар мен ведомстволардағы алақол қызметкерлерді анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған құқықбұзушылықтарға қатысы бар басқа қызметкерлерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Осыған дейін Бішкекте арнайы операция кезінде Қамшы Көлбаевтың қаза тапқанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар