Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қырғызстанның Қытай алдындағы сыртқы қарызы 1,4 млрд долларға дейін азайды

АҚТАУ. KAZINFORM — Қырғызстанның Қытай алдындағы сыртқы қарызы 1,9 млрд доллардан 1,4 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы әрі Министрлер кабинеті төрағасы Адылбек Қасымәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Кабар

Қырғызстан
Фото: Қырғыз президентінің баспасөз қызметі

Оның айтуынша, бүгінде Қытай алдындағы берешек елдің жалпы сыртқы қарызының 20 пайыздан сәл астамын ғана құрайды. Қалған бөлігі негізінен Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және басқа да кредиторлардың ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелерінен тұрады.

Адылбек Қасымәлиевтің айтуынша, Қырғызстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі 60 пайыздан аспауы тиіс. Алайда Президент Садыр Жапаровтың тапсырмасымен бұл шек 50 пайыз деңгейінде белгіленген.

Қазіргі уақытта Қырғызстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 42 пайызын, ал сыртқы қарызы 22 пайызын құрайды. Ел билігі сыртқы қарыз көлемін азайтып, ішкі қарызды кезең-кезеңімен ұлғайту саясатын ұстанып отыр. Бұған дейін Қырғызстанның сыртқы қарызын 2035 жылға дейін толық өтеуді жоспарлап отырғаны хабарланған. 

Айта кетелік Қырғызстан мен Өзбекстан тауар айналымын 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр