Қырғызстанның Конституциялық соты өлім жазасын қайтаруды қолдамады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғыз Республикасының Конституциялық соты өлім жазасын қайта енгізу құқықтық тұрғыда да, жалпы алғанда да мүмкін емес және жол берілмейді деп есептейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Конституциялық бақылау органы 10 желтоқсанда мемлекет басшысының балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан адам өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын қолдануға мүмкіндік беретін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын қарады.
Соттың мәлімдеуінше, өлім жазасына тыйым салу және өмір сүру құқығының басымдығын мойындау – нормативтік әрі ең жоғары құндылықтық мәнге ие қағидалар. Олар мемлекеттің және халықтың осындай жаза түрін қолданбайтын құқықтық режимді таңдағанын көрсетеді.
— Өмір сүру құқығы мен өлім жазасына тыйым — қылмыстық саясаттың, сот төрелігі мазмұнының, құқық қорғау органдары мен пенитенциарлық жүйенің қызметінің негізгі қағидаттары. Конституциялық түзету арқылы өлім жазасын қайта енгізу осы стандарттардан бас тартуды, құқықтық дамудың сабақтастығын бұзуды және адамның қадір-қасиеті мен оның құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін күшейтуге бағытталған конституциялық бағыттан ауытқуды білдірер еді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Конституциялық сот бұл мәселенің халықаралық-құқықтық аспектісіне де назар аударды. Қырғызстан Конституциясы халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормалары елдің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі екенін бекітетіндіктен, мемлекет қабылдаған халықаралық міндеттемелерді орындауы тиіс. Қырғызстан – өлім жазасын толық әрі түпкілікті жоюды көздейтін және одан бас тарту тетігі қарастырылмаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасына қатысушы.
Осы конституциялық және халықаралық-құқықтық дәлелдерді ескере отырып, сот өлім жазасын конституциялық түзету арқылы қалпына келтіру Негізгі заңға қайшы, жол берілмейді және құқықтық тұрғыда мүмкін емес деген қорытындыға келді. Бұл мәселе референдумға шығарылмайды, әрі оны жүзеге асыруға бағытталған барлық рәсімдер тоқтатылуы тиіс.
Еске сала кетсек, Қырғызстанда кәмелетке толмаған қызды зорлап өлтіру ісі қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін президент Садыр Жапаров балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан әйел адамды өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын енгізуді тапсырған еді. Кейін президент әкімшілігі осы қылмыстарға өлім жазасын қарастыратын Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Желтоқсан айының басында Конституциялық сотқа президенттен өлім жазасын енгізу жөніндегі заң жобасына ресми қорытынды беру туралы ұсыныс түсті.
Дүниежүзінің қай елдерінде өлім жазасы қолданылатыны туралы мына сілтемеден оқыңыз.
Айта кетейік, Трамп Вашингтонда өлім жазасына кесуге рұқсат берді.