Қырғызстанның салық қызметі мыңға жуық қызметкерін қысқартады
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанның Мемлекеттік салық қызметі құрылымды оңтайландыру аясында өңірлердегі шамамен мың қызметкерін қысқартуға кірісті.
Бұл туралы Жогорку Кенештің отырысында депутат Улукбек Карыбек уулу мәлімдеді.
Оның айтуынша, кадрларды қысқарту салықтық әкімшілендіру жүйесін цифрландыру және штат құрылымын оңтайландыру жұмыстарымен байланысты.
«Өңірлерде тұтас бөлімшелер қысқартуға ұшырап отыр. Олардың арасында зейнеткерлік жасқа шығуына аз уақыт қалған мамандар да бар», – деді депутат.
Парламент депутаты аталған мәселені Мемлекеттік салық қызметі өкілдерінің қатысуымен Жогорку Кенеште арнайы қарауды ұсынды.
Қазіргі уақытта ведомство тарапынан қысқарту науқанының нақты ауқымы мен оның салдарына қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда баға мен тариф өскені хабарланған болатын.