Қырық киіктің етін тиеген көлік: мал өнімдерін тасымалдау ережесі бұзылған

Әлеуметтік желіде тараған көлікке тиелген қырық киіктің етін тасымалдау дерегіне байланысты полиция әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Kazinform.

киік
Фото: видеодан кадр

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазанның 23-інде полиция қызметкерлері «Астана-Қорғалжын» автожолында 40 киіктің еті тиелген «Jac» көлігін тоқтатқан.

Тексеріс барысында жүргізушінің Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында орналасқан «Астана Агропродукт» ет комбинатынан екені анықталды.

- Тасымалдаушы жүкқұжаттардың түпнұсқаларын және «Охотзоопром бойынша» РМҚК мен «Астана Агропродукт» ЖШС арасында жасалған тауарды өткізу/жеткізу шартының электронды көшірмесін ұсынды. Сондай-ақ, Ақмола облысының аумағында киіктердің популяциясын реттеу туралы № 688 Үкімет қаулысы да бары анықталды, - деп түсіндірді ПД баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, киіктің етін тасымалдау дерегі Целиноград аудандық полиция бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген.

- Тексеру материалдары ҚР ӘҚБтК 406-бабына сәйкес мал өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында ветеринариялық инспекцияға жіберілді, - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында киіктерден 76,9 мың гектар егістікке зиян келгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар