Кірістер мен мүліктерді декларациялау жүйесі енгізілген соң, көлеңкелі экономиканың деңгейі төмендейді - сарапшы Е. Бадыхан
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өткен «Кірістерді декларациялау: қолдаушылар мен қарсылар» атты дөңгелек үстел барысында Инвестициялардың тиімділігін зерттеу бойынша агенттіктің аға сарапшысы Ерлен Бадыхан кірістер мен мүліктерді декларациялау жүйесі енгізілген соң, көлеңкелі экономиканың деңгейі төмендейтінін мәлім етті.
Оның айтуынша, көлеңкелі экономика негізінен шикізат және қаржы саласындағы қулық-сұмдықтардан құралады. Бұған сонымен қатар, елге импорттық өнімдерді жасырын алып келу әрекеттерін де қосуда болады.
«Әрине, кірістер мен мүліктерді жалпыға бірдей декларациялау жүйесі енгізілген соң, көлеңкелі экономиканың деңгейі қандай да бір пайызға төмендейтіні анық. Бірақ бәрібір күткендей болмайды деп ойлаймын. Өйткені, халықты толық қамту өте қиын. Мысалы, ауыл тұрғындары не істейді? Енді олардың жыл сайын аудан орталықтарына барып, сағаттап кезекке тұрып, декларация тапсыруларына тура келеді. Оның үстіне декларация қабылдау орталықтары әлі дайындалмаған», - деді Ерлен Бадыхан.
Естеріңізге сала кетейк, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан азаматтары мен мекендеу қағаздары бар тұлғалардың кірістері мен мүліктерін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» Заң жобасына сәйкес, декларацияны 2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізу жоспарлануда. Ал бүкіл елді қамту 2017 жылы аяқталады деп күтілуде.
Әзірге бұл жүйені жүзеге асырудың бірнеше механизмі белгілі болып отыр. Олар декларацияны онлайн режімінде, яғни электронды түрде тапсыру және пошта арқылы жіберу. Бірақ олардың өзі сарапшылардың сынына ұшырады.
«Мен бұл жерде бірқатар мәселелерді айтқым келеді, - деді Ерлен Бадыхан.- Былай қараса, түк қиындығы жоқ секілді. Компьютерге отырдың да декларацияны толтырып, жібере салдың. Шын мәнісінде елімізде адамдардың көпшілігінің компьютерлік сауаттылығы төмен. Оның үстіне елді мекендердің барлығында бірдей интернет бар деп айта алмаймын. Ал егер бұл жүйе egov.kz платформасына біріктірілетін болса, онда көптеген қиындықтар туындайды. Декларация тапсыру кешеуілдейді. Ал пошта арқылы да қиындықтар жетіп артылады. Мысалы Қазпошта миллиондаған бланкті қалай жібереді? Халқымыздың саны 17 миллионнан асты. Ал мына жаңа жүйе бойынша енді әрбір жаңа туған нәрестеден бастап, еңкейген қарттарға дейін декларация толтырулары керек болады. Әрине, бланкілерді олар үшін басқа адам толтырғанның өзінде мұншама құжатты жіберу оңай емес. Ал егер салық төлеушілер бланкілер үшін де, оларды жіберу үшін де ақша төлейтін болса, бұл мен үшін түсініксіз жәйт» - деді Е. Бадыхан.
Сонымен қатар ол, егер декларациялық бланкілер орталықтандырылған әдіс бойынша басып шығарылатын болса, онда мұндай қымбат мемлекеттік тапсырысты кейбір шенеуніктер өз баспаханаларына тықпалауы мүмкін екендігін де жоққа шығармады.