Қыркүйекте Ертіс өзені тағы тасуы мүмкін

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұған Шығыс Қазақстандағы су қоймаларының су босату көлемін 50%-ға арттыруы себеп болуы мүмкін. Күзде өзенге секундына 1500 текше метр су жіберіледі деген болжам бар.

Ертіс
Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

Бұл туралы Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов Kazinform тілшісіне хабарлады.

— Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы қоймалардан өзенге секундына 1000 текше метр су жіберіліп отыр. Ертіс бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айында бұл көлем 1500 текше метрге ұлғаюы мүмкін. Осыған байланысты мал азығын дайындап жатқан шаруашылықтар шабылған шөптерін биіктеу жерлерге тасып алуы керек деп ойлаймыз. Біздің есебіміз болжам ғана, жағдай біз айтқандай болмауы да мүмкін. Судың босатылу көлемі өзгеріссіз қалуы да ғажап емес. Сақтықта қорлық жоқ екенін ескерген абзал. Ертең Ертістің төменгі бөлігінде орналасқан жайылмаларға су жайылатын болса, шаруалардың жаз бойғы еңбегі далаға кететіні анық. Ал қоймалардың бұл әрекеті жиналған судың көптігіне байланысты еріксізден жасалып отыр, -деп жауап берді Дияр Қайыркенов.

Басқарма өкілі айтқандай, биыл көктемде су тасығанда Ертіс жайылмаларының 80%-дан астамына су жайылды.

Ал қыркүйек айында өзен тағы көтерілетін болса, Ақтоғай, Ертіс, Павлодар аудандарының жайылмаларына қайтадан су кіруі мүмкін.

Еске сала кетейік, биыл көктемде өзен жайылмасының 85 пайызын су басады деген болжам айтылған.

Соңғы жаңалықтар