«Кітапқа құрмет төмендеп кетті. Неге?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Астанада Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Италия қорғаныс ведомствосының басшысы, адмирал Джампаола Ди Паоламен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Ита­лия арасындағы әскери ын­тымақ­тастықты дамыту, оның ішінде қорғаныс өнеркәсібі саласын өр­кендету, әскери тех­никаның жа­ңа үлгілерін, бақылау және байланыс жүйе­лерін сатып алу, құрлық әскерлерінің бірлескен өзара іс-қимылдары мәселелері тал­қыланды», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Сондай-ақ, тараптар Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оған көршілес жатқан Ауғанстанның қа­зір­гі және болашақтағы жағ­дайына байланысты пі­кір алмасты. Осы жерде Әділ­бек Жақсыбеков біз­дің ел­де­ріміздің арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын айтып, оған қазіргі кезде екі ел басшы­ларының өзара сенім мен дос­тық қарым-қа­тынастары негіз қалап отырғанын атап өтті.

Ал, Джампаола Ди Паола өз кезегінде Қазақстанның Орта­лық Азиядағы саяси және эко­но­микалық күш-қуа­тының зор екендігіне, Италияның біздің елімізбен арадағы байланыстың маңыз­дылығын әрқашан баға­лай­тынын айтып, әскери сала­дағы ынтымақтастыққа да бо­лашақта ерекше назар аударатындарын жеткізді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қызылорда облысының құқық қорғау органдары биыл жергілікті бюджеттен 800 млн. теңге көлемінде қаржы алатын болды

Бұл мәселе облыс құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің үстіміздегі жылғы бірінші отырысы барысында шешілді. Осы алқалы жиынға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың тәртіп қорғау саласында қалыптасып отырған бірқатар өзекті мәселелердің жайына қаныға келіп, оны жақсарту үшін жергілікті билік тарапынан осыншама мөлшерде көмек болатынын мәлім етті. Кеңес отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның біріншісі, мұ­най ұрлығы және оның алдын алу жайын қозғаса, екіншісі, қоғамдық тәртіпті нығай­та түсу бағытында тұрғын үйлер аулаларын жарықтандыру мен оларды бейнекамералармен жабдықтау мәселесіне арналды. Бірінші мәселе бойынша 2012 жылы елімізде 79,2 млн. тонна мұнай өндірілген болса, оның 30 млн. тоннаға жуығы немесе 38 пайызы Қызылорда облысының еншісіне тиетіні айтылды. Осы жылы қылмыстық ізге түсу органдары заңсыз мұнай айналымына қатысты 24 қылмыс ашты. Бұл мақала «Жаңаша жарақтандырылуға жанды жәрдем» деген тақырыппен берілді.

***

«Ресми деректерге жүгінсек, қазақ тіліндегі алғашқы кітап 1800 жылдың басында Қазан қаласында жарық көрген екен. Одан бері арада екі ғасыр уақыт өтіп, баспалар қызметі мен кітап шығару ісіне қатысты түрлі қаулы-қарарлар қаралып, маңызды құжаттарға қол қойылды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де полиграфия саласына өзгерістер мен толықтырулар, соны жаңалықтар енгізілді. Бірақ кітап шығару мен тарату, сату және сатып алу төңірегіндегі қордаланған мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Мәселен, Кеңес өкіметі кезіндегі қалыптасқан баспалардың барлығы дерлік жекеменшікке өткенімен, олардың ісін тұрақты жүргізіп, дамуға серпін беретіндей жүйе қалыптаспады?! Неге?», - жазады «Айқын» бүгінгі санында. Баспалар үшін тиімді технологиясы жеңіл, әрі арзан кітап шығаруға не кедергі?! «Алтынмен аптап, күміспен қаптап» қойған баспа өнімдері оқырманның жағдайын ескере ме? Ешкім рақаттанып, жата-жастана оқи алмайтын қымбат кітап шығарудың қажеті қаншалықты? Мұның сыртында, Кеңестік дәуірде қазақ оқырмандары орыстың классикалық әдебиетінің тамаша өкілдерінің шығармаларын өз тілінде оқып өсті. Көркем аудармаға көңіл бөлінудің нәтижесінде қазақ тіліне жүздеген кітап аударылды. Ал қазір ше? Осы және өзге сауалдарға жауап алғыларыңыз келсе, «Кітапқа құрмет төмендеп кетті. Неге?» атты мақаланы оқыңыздар.

Осы басылымда «Әкімдер «топан суды» күтіп отыр» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Тәңір төбеден тас жаудырам десе, ТЖМ дәрменсіз!». Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың осы сөзі ауыздан-ауызға тарап кететін шығар. Кеше бұл сөзге журналистер ду күлді. Ақпарат құралдарының өкілдері министр Владимир Божкодан жақында жұрттың зәресін ұшырған «метеорит жаңбырына» қатысты пікірін сұраған. «Бізді құдай сақтады! - деді ол. - Ресейліктерге қиын соқты. Метеорит Ақтөбе, Қостанай облыстарының төбесінен ұшып өтті. Біз келіп түскен ақпаратқа бірден үн қаттық. «Ақтөбе облысына сынықтары құлады» деген ақпар болған, бірқатар аудандарға комиссия, топтарды түсірдік. Бірақ метеорит іздері табылмады. Бұл бір ғажайып табиғи құбылыс. Жер әрдайым сенімді қорғала бермейтін тәрізді».

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, бүгінде мамандардың біліктілік деңгейін көтеру мәселесі күйіп тұрған «модаға» айналды. Дамыған жоғарғы технологиялар заманы мұны талап ететіні де рас. Ашылып жатқан жаңалықтардан, ғылыми жетістіктерден сырт қалмай өзінің біліми, біліктілігін көтеріп отыру басты талаптардың бірі. Алайда кейде талап етеміз деп асыра сілтеп жіберетініміз тағы бар. Бізде көбіне бұйрықтар, жарғылар жылы кабинеттерде қабылданатыны рас. Соған орай шалғай шетте жатқан ауыл-аймақтың жағдайы көбіне ескеріле бермейді. Соның салдарынан тәжірибе жинаймын, біліктілігімді көтеремін деп жұмысын жиып қойып, табанынан тозып жүрген бір жұрт. Айтпағымыз орта буын мамандары санатына жататын медбикелердің біліктілігін көтеру мәселесі. Бүгінде енгізіліп жатқан жаңа медициналық технологиялар талабы тек дәрігерлердің ғана емес, медбикелердің де кәсіби біліктілігін арттыруды талап етеді. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру мәселесі түсінікті. Бұл мақала басылымның бүгінгі санында «Медбикелер жұмыс істей ме, әлде ғылыми жаңалық аша ма?» деген тақырыппен берілген.

Соңғы жаңалықтар