«Кітапты ұялы телефоннан оқуға болады» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жақында ЭКСПО-2017-нің Комиссары - Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған Қазақстан делегациясы Нидерланд Корольдігінде болды.
Көрме комиссары Нидерланд сыртқы істер, экономикалық қатынастар министрліктерінің, өнеркәсіпшілдер мен жұмыс берушілер конфедерациясының басшыларымен, Роттердам қаласының мэрімен және баламалы энергетика көздері саласындағы голландиялық жетекші компанияларының өкілдерімен кездесті. Корольдік сыртқы істер вице-министрі Гуидо Ландхироммен кездесу барысында Қазақстан мен Нидерланд арасындағы жоғары саяси және сауда-экономикалық қатынастар және екі ел арасындағы «жасыл экономика» мен жаңа технологияларды дамыту саласында өзара тиімді байланыстарды дамыту мақсатындағы жоғары ынталылық атап көрсетілді. Корольдіктің экономикалық қатынастар вице-министрі Мартин Кампс өз елінің Қазақстанмен экономикалық байланыстарды дамытуға басымдық беретіндігін және Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында бұл елге 56 млрд. доллар тікелей инвестиция салғаны атап көрсетілді. Өз кезегінде қазақстандық дипломат әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысының белең алуына қарамастан, біздің экономикамызға голландиялық инвестициялардың, оның ішінде Қазақстан басымдық беріп отырған мемлекеттік бағдарламаларды іс жүзіне асыруға ықпал ететін голландиялық инвестиция тасқынының толастамайтынына сенім білдірді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Нидерланд Корольдігінде болған ресми сапарында осы ел басшыларымен Роттердам қаласында «Астана» алаңын ашу жөнінде келісімге қол жеткізген болатын. Көрме комиссарының аталмыш сапары барысында Қазақстан делегациясы осы алаңның ашылу салтанатына қатысты. Еуропадағы ірі де әсем қалалардың бірінен саналатын Роттердам қаласында «Астана» алаңының ашылуы - Қазақстанның және ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі жоғары беделінің куәсі»,-деп жазады басылым. Бұл туралы « Роттердамда - «Астана» алаңы» атты мақалада толық берілген.
Бас басылымда «Шөлейт өңірде өсу бар» деген мақала жарияланды. Маңғыстау облысында зәйтүн ағашын өсіру, тағы бір балық фермасын ашу, сонымен қатар егіс алқабын өсіру жоспарлануда. Осы мәселелер жайлы баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Балтабеков мәлімдеді. Түбек шөлейт аймақта орналасқандықтан өңірде ауыз су жетімсіздігі - өткір мәселе. Сондықтан, мұнда егін шаруашылығын дамыту - аса шығынды және күрделі. Соған қарамастан, өңірде 166 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Олардың көпшілігі бақша өнімдерін өсіреді - ол суды көп талап етпейді. Облыста жалпы көлемі 7,8 га құрайтын 11 жылыжай жұмыс істейді, соның ішінде үшеуі өнеркәсіптік үлгіде қалыптасқан. Үстіміздегі жылы егіс көлемі 2015 жылдың көрсеткішін 250 га-ға көтерген 1087 га-ға жуықты құрады.
Осы жылдың аяғында облыс «Ақтау теңіз порты» АЭА аймағында 2000 тонна «Азерсун» көкөніс қоймасын пайдалануға береді деп күтілуде. Келесі жылы тағы 4250 тонна көкөніс қоймасын салу жоспарланып отыр.
- Қазіргі таңда осы жобаның құжаттары әзірленіп жатыр. Тағы да Ақтау қаласында салынатын сыйымдылығы 5 тонна көкөніс қоймасының жобасы дайындалып жатыр. Заманауи көкөніс қоймалары мен қамба жайларды салу ішкі нарықты жоғары сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәлім болғандай, біздің өңірімізге сырттан 95% тамақ өнімдері әкелінеді, дереу таратылымға жіберіледі. Оның себебі заманауи стандартқа сай қоймалар мен қамбалық жайлардың жоқтығы болып табылады, - деп атап айтты басқарма өкілі.
***
«Айқын» газетінің жазуынша , Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында тойланады. Бұл туралы Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті.
ЮНЕСКО Бас конференциясы 38- сессиясы «Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл» толуына байланысты іс-шараларға қатысу туралы ұсынымды мақұлдады. Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, «бұл атаулы күнді халықаралық деңгейде ауқымды атап өту - біздің қоғамның назарын тарихи және мәдени мұра мәселелеріне аударуға мүмкіндік береді». - Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орайластырылған барлық конференциялар, кездесулер жай ғана атап өту үшін өткізілмейді. Бұл шаралардың барлығы халқымыздың өткен-кеткенін ой толғағынан өткізу үшін маңызды, - деп атап өтті саясаттанушы. Ерлан Қарин сондай-ақ «Алаш» қозғалысының алдағы келе жатқан мерейтойына назар аударды - 2017 жылы «Алаш» қозғалысына 100 жыл толмақ. Сонымен қатар сарапшы отанымыздың тарихында әлі жеткілікті көңіл бөлінбеген ұлы есімдер көп екеніне тоқталып өтті. ҚСЗИ директорының пікірінше, тап осы «Алаш» көсемдері мен көптеген басқа тарихи тұлғалар қазіргі тәуелсіз Қазақстанның табысты дамуының іргетасын қалап кетті. Бұл жайында « Әлихан Бөкейханның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Кітапты ұялы телефоннан оқуға болады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақ тіліндегі мыңдаған кітапты енді ұялы телефоннан оқуға болады. Кеше Астанада «кітап» тегін мобильдік қосымшасы таныстырылды.
Ол «Қазақстанның Ашық кітапханасы» онлайн-жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты - Қазақстанның әдеби мұрасын заманауи технологиялар арқылы жас ұрпаққа етене ете түсу болып табылады.
Осы мобильдік қосымша арқылы адамдар 500-ге жуық автордың кітабын оқи алады. Әрине, оның біразы - ХХ ғасыр классиктері. Ал қосымшаны жасаған қоғамдық қордың қамқоршылар кеңесінің мүшесі Нартай Әшімнің айтуынша, «көзі тірі авторлардың ішінде Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Софы Сматаев, Қабдеш Жұмаділов, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков көмегін аямады». Н.Әшім мынаны бірден ескертті: өз туындыларын мобильді қосымшаға орналастыратын ақын-жазушылар мен олардың мұрагерлеріне қоғамдық қор ешқандай авторлық қаламақы төлемейді, «бәрі тегін».
Бір қынжылтатыны, шығармалардың озығы мен тозығын іріктейтін «редакция алқасы» жоқ көрінеді. Ұйымдастырушылар кітап күйінде жарық көрген дүниелерді орналастыруға жол ашық екенін айтты. - Бізге жастары, егделері бар, көптеген авторлар хабарласып, өз шығармаларын осында орналастырғысы келетінін айтады: «Ол үшін не істеу керек? Қанша төлеуіміз керек?» дейді олар. Біз айтамыз: «Ештеңе де төлеу керек емес, сізден керегі тек кітаптың скан-нұсқасы және оны жариялауға ұлықсат қана». Егер қандайда бір себептермен, автордың өзі кейін кітабын алып тастағысы келсе, еш қиындықсыз, мобильді қосымшадан жоя алады, - деп, Нартай Әшім заңдық қырларын түсіндіре кетті.
***
«Экспресс-К» газетінде « Главное, чтобы Стопкраном не назвали » деген материал берілген. Биылдың 10 айында пойыздарда жеті нәресте өмірге келген. Жақында Ақтөбеден Астанаға жол тартқан жас жолаушы да мерзімінен бұрын босанған. Жолсерік Айнұр Айтмағамбетова оны бөлек купеге алып барып, көмектескен екен. Осындай оқиға Астана-Түркістан бағытындағы пойызда да орын алған көрінеді. Пойызда өмірге келген ұл балаға Ақжол есімі берілді. Ал қыркүйекте Астана-Алматы бағдарындағы пойызда Арлен есімді бала дүниеге келді. Сол кезде бұл балаға вагондағы жолсеріктің аты қойылған екен.