Қытай 2025 жылы рекордтық сауда профицитіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың сыртқы сауда айналымы 2025 жылы жылдық мәні бойынша 3,8%-ға өсті. ҚХР Бас кеден басқармасының (БКБ) мәліметінше, елдің сауда теңгерімі рекордтық деңгейге жетіп, шамамен 1,19 трлн долларды құрады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
ҚХР өткен жылғы сыртқы саудасының жиынтық көлемі 45,47 трлн юаньді (шамамен 6,48 трлн АҚШ доллар) құрады. Бұл ретте тауар экспорты 26,99 трлн юаньға жетті, бұл 6,1%-ға өсімді білдіреді, ал импорт 0,5%-ға өсіп, 18,48 трлн юаньді құраған.
Қытай 240 ел және аймақпен сауда қарым-қатынасын сақтап келеді, бұл ретте олардың 190-ымен оң өсім тіркелген. «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдермен сауда көлемі 23,6 трлн юаньға жетті, өсім 6,3%-ға артып, елдің жиынтық сыртқы сауда айналымының 51,9%-ын қамтамасыз етті. АСЕАН (8%), Латын Америкасы (6,5%) және Африка (18,4%) елдерімен саудада да айтарлықтай өсім байқалған.
БКБ өкілдері қол жеткізілген көрсеткіштер Қытайға тарихи рекордтарды жаңартуға және тауар саудасы секторындағы жетекші әлемдік держава ретіндегі мәртебесін растауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
2026 жылға арналған болжамды бағалай отырып, ведомство сыртқы ортадағы белгісіздіктің күтілетін факторлары және халықаралық сауда секторына қысымның жалғасуына назар аударды. Сонымен қатар, ұлттық экономиканың тұрақты негізі, оның артықшылықтары және жоғары әлеуеті өзгеріссіз қалатыны, бұл ары қарай тұрақты даму үшін негіз жасайтыны атап өтілген.
Еске сала кетсек, қазанда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяның Кёнджу қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы елдері басшыларының 32-ші бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде Қытаймен дипломатиялық қатынаста тұрған африкалық мемлекеттерге кедендік баждарды нөлге дейін төмендетуге дайын екенін мәлімдеді.