Қытай 2030 жылға қарай шай индустриясын 1,5 трлн юаньға жеткізуді көздейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда сенбі күні шай индустриясын жаңғыртуды ілгерілетуге арналған нұсқаулық жарияланды. Құжатқа сәйкес, 2030 жылға қарай салалық тізбектің жалпы көлемі 1,5 трлн юаньға (шамамен 216 млрд АҚШ доллары) жетуі тиіс, деп хабарлайды Синьхуа.

Турецкий чай завоевывает мировые рынки
Фото: anadolu ajansı

Құжатты Қытай Халық Республикасының Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі және тағы төрт мемлекеттік ведомство бірлесіп әзірлеген. Негізгі мақсат — шай саласының сапасы мен тиімділігін айтарлықтай арттыру.

Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай сала тұрақты қамтамасыз етілген, экологиялық таза, зияткерлік технологияларға негізделген және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуы қажет.

Ал 2028 жылға дейін негізгі шай өндіруші өңірлер тұрақты өсім қарқынын сақтай отырып, өндіріс сапасы мен тиімділігін арттыруда жаңа нәтижелер көрсетуі тиіс. Бұл өз кезегінде салалық тізбекті жаңғырту деңгейін едәуір көтеруге, өнім түрлерін және тұтыну бағыттарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қойылған мақсаттарға жету үшін құжатта бірқатар негізгі міндет айқындалған. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық инновацияларды дамыту, нарық субъектілерін қолдау және мамандандырылған өнеркәсіптік кластерлер құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, шай шикізаты мен құрамдастарын тұрмыстық тауарлар, химия өнімдері, косметика және денсаулық сақтау салаларында кеңінен пайдалану жоспарланған.

Қытай шайдың отаны ретінде танымал. Мыңдаған жылдар бойы шай қытай мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып, халықтың күнделікті өмірінде ерекше орын алып келеді.

Бұған дейін бірқатар шайдың құрамынан тыйым салынған заттар табылып, сатылымнан алынып тасталғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар