Қытай 5 мың метрге жуық тереңдікте бұрғылау рекордын орнатты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың «Мэнсян» мұхиттық бұрғылау кемесі Оңтүстік Қытай теңізінде шамамен 5 мың метр тереңдікке дейін бұрғылап, елдің ұлттық рекордын жаңартты, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, экспедиция барысында зерттеушілер мұхит түбіндегі терең шұңғымадан базальт үлгілерін алды.
Қытайда әзірленген бұрғылау қондырғысының көмегімен ұзындығы 4,27 метр болатын базальт үлгісі шығарылды. Агенттік мәліметінше, Қытай мұхиттық бұрғылау кемесінің көмегімен терең мұхит бассейніндегі қатты тау жыныстарының үлгілерін алған АҚШ пен Жапониядан кейінгі үшінші ел атанды.
Зерттеу жұмыстарына тереңсулы қашықтан басқарылатын аппараттар да тартылды. Екі аппарат шамамен 4 мың метр тереңдікте жалпы 358 сағаттан астам жұмыс істеген.
Алынған үлгілер мен жиналған деректер Оңтүстік Қытай теңізінің қалыптасуы мен кеңеюін, ежелгі теңіз ортасының эволюциясын зерттеуге, сондай-ақ аса терең сулардағы энергетикалық ресурстарды барлауға және игеруге пайдаланылмақ.
Экспедицияға тоғыз ғылыми-зерттеу мекемесінен 170 зерттеуші қатысты.
«Мэнсян» мұхиттық бұрғылау кемесі Қытайда 2024 жылы пайдалануға берілген.
Бұған дейін Қытай орбитада өсімдіктің 14 түріне жататын 20-дан астам сұрыпты өсіріп жатқаны туралы хабарладық. Қытай ғарышкерлерін даярлау ғылыми-зерттеу орталығы бұл жетістікті ғарыш станциясында өсімдіктерді ауқымды көлемде өсіруге негіз қалайтын маңызды кезең деп бағалады.