Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай AI технологиясымен жабдықталған екі спутникті орбитаға шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Шаньдун провинциясындағы Хайян қаласы маңындағы теңіз акваториясында арнайы кемеден Smart Dragon-3 зымыран-тасығышын сәтті ұшырып, екі жасанды интеллекті бар спутникті орбитаға шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап. 

Қытай AI технологиясымен жабдықталған екі спутникті орбитаға шығарды
Фото: Xinhua

Ұшыру Бейжің уақытымен сағат 10:38-де Тайюань ғарыш айлағынан басқарылды. Зымыран Oriental Smart Eye 01 және Oriental Smart Eye 02 гиперспектрлік спутниктерін жоспарланған орбитаға жеткізді.

Әр спутниктің салмағы шамамен 300 келіні құрайды, бұл еуропалық және америкалық ұқсас аппараттардан бес есе жеңіл. Олар шамамен 5 метрлік кеңістіктік ажыратымдылықты және 300 шақырымдық аса кең қамту жолағын қамтамасыз етеді.

Екі аппарат та өнімділігі 400 TOPS болатын борттық жасанды интеллект есептеу модульдерімен және AI моделімен жабдықталған. Соның арқасында гиперспектрлік деректерді Жерге жібермей-ақ тікелей орбитада өңдеуге мүмкіндік бар.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, борттық ғарыштық есептеу технологиясы байланыс арналарының өткізу қабілетінің төмендігі мен деректерді жеткізу кідірісі мәселелерін азайтып, су ресурстарын, ауыл шаруашылығын және пайдалы қазбаларды бақылауды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Бұл Хайяндағы Шығыс ғарыш айлағы үшін теңізден жүзеге асырылған 27-ші сәтті ұшыру болды. Осы уақытқа дейін аталған алаңнан орбитаға шығарылған ғарыш аппараттарының жалпы саны 166-ға жетті.

Бұған дейін Қытай интернет байланысына арналған жаңа спутниктер тобын ғарышқа ұшырғаны хабарланған болатын.