Қытай АҚШ-ты импорттық ұшқышсыз ұшу аппараттарына тыйымды алып тастауға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Сауда министрлігі АҚШ билігін шетелдік ұшқышсыз ұшу аппараттары мен олардың құрамдастарын Америка нарығына сатуға тыйым салу туралы шешімін қайта қарауға шақырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Қытайлық ведомство АҚШ Федералды байланыс комиссиясының (FCC) 22 желтоқсанда ұшқышсыз ұшу аппараттары мен шетелде жасалған негізгі компоненттерді ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін технологиялар тізіміне қосқан әрекеттеріне наразылық білдірді.
FCC қара тізіміне ену ұшқышсыз ұшу аппараттары жаңа үлгілерінің сертификатталуын бұғаттайды. Онсыз шетелдік техниканы Құрама Штаттарға импорттау және заңды түрде сату мүмкін емес.
Сауда министрлігі АҚШ тарапы соңғы жылдары қытайлық және америкалық кәсіпорындар арасындағы қалыпты коммерциялық және сауда байланыстарын, сондай-ақ екі елдегі өнеркәсіптік топтардың шұғыл шақыруларын елемей, ұлттық қауіпсіздік ұғымын тым кең мағынада түсіндіріп, қытайлық фирмаларды қоса алғанда, басқа елдердің компанияларын басу үшін мемлекеттік билікті теріс пайдаланғанын атап өтті.
— Мұндай әрекеттер нарықтық қағидаттардың типтік бұрмалануын және буллингтің біржақты тәжірибесін білдіреді, — деп атап өтті Қытай Сауда министрлігінің өкілі.
Ол сондай-ақ егер АҚШ өзінің қате бағытын жалғастыра берсе, Қытай қытайлық компаниялардың заңды құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті.
Бұған дейін Қытайда дрон операторлары мамандығының танымалдығы артып келетінін жазған едік.