Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай алдағы айларда мұнай импортын ұлғайтуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бері Қытайда шикі мұнай импорты төмен деңгейде сақталып келген еді. Дегенмен соңғы деректер алдағы бірнеше айда Қытайда мұнай импортының қайта ұлғаюы мүмкін екенін көрсетті, деп жазды Lianhe Zaobao.

Қытай алдағы айларда мұнай импортын ұлғайтуы мүмкін
Фото: Lianhe Zaobao

Мұнай танкерлерінің қозғалысы жөнінде Bloomberg агенттігі жинақтаған деректерге сүйене отырып, сингапурлық басылым алдағы 90 күннің ішінде Қытай порттарына шамамен 65 аса ірі мұнай танкері тұмсық тіреуі тиіс деп болжайды. Бұл — мамырдың ортасынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал әрбір танкер шамамен 2 миллион баррельге дейін шикі мұнай тасымалдауға қауқарлы.

Бүгінгі күнде нарық қатысушылары Қытайдың мұнай сатып алуға байланысты қандай саясат қолданатынын жіті бақылап отыр. Басылымның мәліметінше, бұған дейін Қытайда шикі мұнайға сұраныстың күтпеген жерден азаюы жаһандық ұсынысқа түсетін қысымды әжептәуір бәсеңдетіп, Ирандағы әскери шиеленіске байланысты Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының тосқауылға ұшырауынан туындаған нарықтық тәуекелдің әсерін айтарлықтай азайтқан болатын.

Соңғы бірнеше айда Қытайда мемлекеттік мұнай өңдеу зауыттары өндіріс көлемін қысқартып, қоймадағы қорларды белсенді пайдаланды, тіпті алдын ала тапсырыс берілген импорттық мұнайдың бір бөлігін қайта сатуға шығарды. Салдарынан Қытай бағытына қатынайтын аса ірі мұнай танкерлерінің жүк көлемі көп жылдан бергі ең төмен деңгейге дейін құлдырап кетті. Ал елдің мамыр айындағы шикі мұнай импорты 2018 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр.

Бұған дейін Қытайдың тарихта алғаш рет «Чанчжэн-10Б» зымыран тасымалдағышының бірінші сатысын Жерге сәтті қайтарғанын жазған едік.