Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай аптап ыстықпен «жасанды жаңбыр» арқылы күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясының Юньчэн қаласында ауа температурасы +37°C-тан асқан соң тұрғын үй кешендерінің бірінде «жасанды жаңбыр» жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Синьхуа

Қытай аптап ыстықпен «жасанды жаңбыр» арқылы күресіп жатыр
Фото: Синьхуа

Жеті көпқабатты тұрғын үйдің шатырына жоғары қысымды су бүріккіштері орнатылған. Әр ғимаратта шамамен 200 форсунка бар. Жүйе 10 минут бойы ұсақ су тамшыларын шашып, олардың булануы арқылы қоршаған ортадағы жылуды сіңіреді. Соның нәтижесінде тұрғын үй кешені аумағындағы ауа температурасы шамамен 10 градусқа төмендейді.

Басқарушы компанияның мәліметінше, жүйені пайдалану шығындары аумақты күтіп ұстау төлеміне енгізілген, сондықтан тұрғындар қосымша ақы төлемейді.

Су тұманы ауаны салқындатумен қатар шаң мен түтінді азайтып, ылғалдылықты арттыруға және жасыл желекті суаруға да ықпал етеді.

Ал Қытайдың оңтүстік-батысындағы, жаздың аптап ыстығына байланысты «пеш қала» атанған Чунцинде автобус аялдамаларына арнайы салқындатқыш платформалар орнатылған. Батырманы басқан кезде жүйе су тұманын шашып, күту аймағындағы температураны 3–8 градусқа төмендетеді. Бұл жүйе дәстүрлі тұрмыстық кондиционерлермен салыстырғанда шамамен 10 есе аз энергия тұтынады.

Чунцин метросында жолаушылар +25°C температура сақталатын күшті салқындатылатын немесе +27°C болатын қалыпты салқындатылатын вагондарды таңдай алады. Сонымен қатар метро станцияларында демалыс орындары мен алғашқы медициналық көмек қобдишалары жабдықталған.

Қаланың іскерлік ауданында өзен суын пайдаланып жұмыс істейтін сумен салқындату жүйесі қолданылады. Янцзы мен Цзялинцзян өзендерінің суы ғимараттардағы артық жылуды шығаруға пайдаланылады. Бұл технологияның арқасында аудан жыл сайын көмірқышқыл газы шығарындыларын шамамен 60 мың тоннаға азайтады.

Ал Чжэцзян провинциясының Иу қаласында ыстықтан қорғайтын тауарларға сұраныс артып келеді. Салқындатқыш сүлгілер, белдікке тағылатын желдеткіштер және су бүріккіші бар қолшатырлар экспорт көлемінің өсуіне ықпал етуде.

Қытайда қалыптасып келе жатқан бұл салқындату технологиялары «жазғы экономика» бағытының бір бөлігіне айналып, болашақта аптап ыстықпен күресте басқа елдерде де қолданылуы мүмкін. 

Айта кетелік Қазақстанның оңтүстігінде 48 градусқа дейін аптап ыстық болатыны туралы жазған едік