Қытай аса маңызды минералдардың кейбір түріне экспорттық бақылауды алып тастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Сауда министрлігі 9 қараша күні галлий, германий, сүрме және графит секілді аса маңызды минералдарға қатысты экспорттық шектеу уақытша тоқтатылатынын жариялады.

Канадалық компания Қазақстанда сирек кездесетін пайдалы қазба өндіруге екінші лицензиясын алды
Фото: BJP7images / Shutterstock

Министрліктің ресми сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, «АҚШ-қа қосарланған мақсаттағы тауарларды экспорттауға бақылауды күшейту туралы» Қытай Сауда министрлігінің 2024 жылғы №46 хабарламасының екінші тармағының орындалуы бүгіннен бастап 2026 жылдың 27 қарашасына дейін тоқтатылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында жариялаған №46 хабарламаның екінші тармағында галлий, германий, сүрме және аса қатты материалдарға қатысты қосарланған мақсаттағы тауарларды АҚШ-қа экспорттауға қағида түрінде рұқсат берілмейді; ал графитке қатысты экспорт кезінде соңғы пайдаланушы мен соңғы мақсатқа байланысты қатаң бақылау енгізіледі, деп көрсетілген болатын.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 30 қазан күні Пусан қаласында өткен кездесуде сауда келісімі туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Келісімге сай Қытай сирек жер металдарына арналған экспорттық лицензия шараларының орындалуын бір жылға кейінге қалдыруға тиіс. Бұл Қытай енгізген шектеулердің жаһандық жеткізу тізбегіне жасайтын ықтимал әсері туралы алаңдаушылықты айтарлықтай бәсеңдеткен еді.

Ақ үйдің 1 қарашадағы мәлімдемесіне сәйкес, Қытай сирек жер металдарының экспортына енгізілген бақылау шараларының орындалуын тоқтатумен қатар, галлий, германий, сүрме және графит секілді стратегиялық маңызы бар минералдарға экспорттық лицензия беруге міндетті.

Еске сала кетсек, 6 қараша күні Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары аса маңызды минералдар саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. 

Соңғы жаңалықтар