Қытай билігі Шаньсидегі шахта жарылысына қатысты қатаң тергеу жүргізетінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Мемлекеттік кеңесі Шаньсидегі шахтадағы жарылысқа қатысты қатаң тергеу жүргізуге уәде берді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.

Қытай билігі Шаньсидегі шахта жарылысына қатысты қатаң тергеу жүргізетінін мәлімдеді
Фото: Синьхуа

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі жіберген тергеу тобы Шаньси провинциясындағы көмір шахтасында болған адам өліміне әкелген газ жарылысына қатысты қатаң әрі ымырасыз тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.

22 мамыр күні Циньюань уезіндегі «Люшэньюй» шахтасында болған апат салдарынан 82 адам қаза тауып, тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Тергеу тобы апаттың себептерін жан-жақты зерделеп, жергілікті билік органдарының, салалық реттеуші мекемелердің және қатысы бар кәсіпорынның жауапкершілік деңгейін анықтайтынын хабарлады. Сондай-ақ заңнамаға сәйкес қатаң жазалау шаралары қолданылатыны айтылды.

Сонымен қатар топ жергілікті билікке шахталардағы еңбек қауіпсіздігін мұқият тексеруді, заңсыз әрекеттермен батыл күресуді, қауіпсіздік мониторингі деректерін бұрмалау, жер астындағы жұмысшылар есебін дұрыс жүргізбеу, сондай-ақ заңсыз қосалқы мердігерлік пен жалға беру тәжірибелерінің жолын кесуді тапсырды.

Айта кетелік Мемлекет басшысы ҚХР төрағасына көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.