Қытай білім саласында әлемдік держава болуға ұмтылуда

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай алмасу бағдарламасы арқылы 50 мың америкалық жасөспірімді шақырады. Аталған жаңа бағдарламаның мақсаты – 2035 жылға қарай «білім державасын» құру.

 Қытай алмасу бағдарламасы арқылы 50 мың америкалық жасөспірімді шақырады
Коллаж: Kazinform; Pexels; Pixabay

Бұған дейін Telegram негізін қалаған Павел Дуров технология саласындағы америкалық-қытайлық бәсеке тақырыбына қатысты пікір білдіргенін жазған едік.

Оның пайымынша, Штаттар бұл бәсеке басталмай жатып ұтылып отыр. Өйткені, бүгінде қытай мектептері өте озық білім ордасына айналып келеді.

Осыған орай Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Руслан Сүлейменов Қытайдың білім жүйесінің ерекшелігін зерделеп көрген еді. 

Жоғары жүктеме, тәртіп пен бәсекелестік

Сиань Цзяотун университеті заң мектебінің профессоры София Ушурова қазіргі уақытта орташа статистикалық қытайлық орта мектеп оқушысы қатаң әрі құрылымдық білім беру жүйесінің арқасында математикалық дайындықтың жоғары деңгейіне ие екенін атап өтеді.

Оқушылар бастауыш мектепте-ақ бөлшектер, пайыздар, геометрия және алгебра негіздері сияқты негізгі математикалық есептерді меңгереді. Мұның үстіне логикалық және сараптамалық ойлауды дамытуға, бірнеше қадаммен есептерді шешуге баса назар аударылады.

 Қытайдың мектеп оқушылары
Фото: dzen.ru

Олар жоғары сыныпта дәлелдеу, комбинаторика, сандар теориясы және математикалық талдауды қоса алғанда, жоғары деңгейдегі қиын есептерді шешуге қауқарлы. Сонымен қатар математика «Гаокао» деп аталатын ұлттық емтиханның негізгі пәні саналады. Сондықтан мектеп оқушылары оған ерекше назар аударады.

Жалпы, Қытайдың заманауи білім беру жүйесі тәртіпке, үнемі қайталануға және көптеген есепті шешуге басымдық береді. Мектеп оқушылары емтиханға дайындалу үшін қосымша сабақтарға (репетиторлық немесе курстарға) жиі қатысады.

Оқу жоспары өңірге байланысты өзгеруі мүмкін. Бірақ тұтастай алғанда ел бойынша ұлттық стандарттар жоғары және біркелкі. Халықаралық оқушыларды бағалау бағдарламасына (PISA-2022) сәйкес, Сянган арнайы әкімшілік ауданының (ҚХР САӘА) оқушылары математика, оқу және жаратылыстану ғылымдарында оқушылардың сауаттылығының жаһандық рейтингінде ең жақсы нәтиже көрсеткен.

- Қытайлық балалар көп және ерінбей-жалықпай оқиды. Олар күні бойы мектепте болады. Бастауыш мектепте сабақтар ресми түрде таңғы 8-де басталады. Бірақ, егер оқушы 08.00де келсе, ол кешікті деп есептелінеді. Ертерек келуіңіз керек (жарты сағат бұрын) және бұл сыныптан тыс дайындық саналады. Мектеп оқушыларының көпшілігі кешкі алтыға дейін мектепте қалып, үй тапсырмасын орындайды. Содан кейін ғана үйлеріне қайтады. Бұл тек бастауыш мектепте ғана, — деп атап өтеді профессор.

Қытай оқушылары
Фото: dzen.ru

2020 жылдан бері бағдарламалау бастауыш және орта сыныптар үшін міндетті пәнге айналды. Ал 2024 жылдан бастап Қытайдың ірі қалаларында бастауыш сыныптарға жасанды интеллект негіздері енгізілген.

Басымдық - ғылымда

«Қытайды білім державасына айналдыру» жөніндегі жаңа бағдарламаға қатысты ҚХР Білім министрлігінің қосымша ережелерінде елдің бастауыш және орта мектептерінде жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқытуды күшейту жоспары туралы айтылады. Әрбір бастауыш мектепте жаратылыстану және техникалық ғылымдар бойынша магистр дәрежесі бар кем дегенде бір мұғалім болуы шарт. Мұның үстіне әр мектепте жаратылыстану ғылымдары бойынша сабақтар өткізуге және ғылыми курстар әзірлеуге жауапты кем дегенде директордың бір ғылым жөніндегі орынбасары болуы тиіс.

Сонымен қатар, бейінді министрліктің жоспарында оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын ынталандыру үшін жаратылыстану-ғылымипәндер бойынша сыныптан тыс іс-шаралар санын арттыру да бар. Ал мектептер оқушыларды университеттер мен колледждерде ғылымды зерделеуге ынталандыратын платформамен қамтамасыз етуі қажет.

 Қытай оқушылары
Фото: pku.edu.cn

Жоғары білімдегі реформалар

90-шы жылдары басталған «211» (елдің шамамен 100 университетінің білім сапасын жақсарту) және «985» (әлемдік деңгейдегі университеттер құру) жобалары деп аталатын Қытайдағы жоғары білім реформалары университеттердің сапасын және олардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

София Ушурованың айтуынша, «211» жобасына енгізілген Қытай университеттері айтарлықтай мемлекеттік қаржыландыруға ие болды. Бұл жайт білім ордаларының инфрақұрылымын жақсартуға, талантты оқытушылар мен зерттеушілерді тартуға мүмкіндік берді.

Жоба Қытайдың дамуы кенжелеген аймақтарындағы жоғары білімнің дамуына ықпал етті. Мысалы, Бейжің университеті мен Цинхуа университеті сияқты «985» жобасына кірген университеттер әлемдік рейтингтердің үздік 100-гіне енді. Бұл жетекші жоғары оқу орындары инновациялар мен зерттеулердің, әсіресе технологиялар, инженерия және жаратылыстану ғылымдарының орталықтарына айналды.

Сонымен қатар тағы бір санат — «Барқыт лигасы» жоғары оқу орындары — Қытайдың үздік университеттері қалыптасты. Олардың қатарында Бейжің университеті, Цинхуа, Фудан университеті, Шанхай Цзяотун университеті, Чжэцзян университеті, Қытай ғылым және технологиялар университеті, Харбин политехникалық институты және басқалары бар.

2017 жылы «қосарланған бірінші сынып» ұлттық бағдарламасы аясында «әлемдік деңгейдегі университеттер» мен «бірінші сынып пәндерін» құру үшін 140-қа жуық ЖОО іріктеп алынды. Осылайша университеттер мен колледждердің көп санын қамти отырып, ресурстардың біркелкі бөлінуі қамтамасыз етілді.

- Жоғары білім беру саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде Қытай ғылыми жарияланымдар саны бойынша әлемдік көшбасшыға айналды. Олардың көпшілігі «211» және «985» жобаларына кірген университеттерге тиесілі. Аталған жобаларға енген университеттер жоғары технологияларды, жасанды интеллекті, кванттық есептеулерді және басқа да озық салаларды дамытуда шешуші рөл атқарды, — деді профессор София Ушурова.

София Ушурова
видеодан алынған кадр

2035 жылға дейін есептелген жаңа жол картасына сәйкес, жоғары деңгейдегі зерттеу ЖОО-ларының даму серпінін арттыру, пәндер мен мамандықтарды ғылым мен техника саласындағы жетістіктерге, сондай-ақ елдің ұлттық стратегияларына сәйкестендіру тетігін жасау міндеті тұр. Онда шұғыл қажетті пәндер мен мамандандықтарды құру, сондай-ақ іргелі, жаңа және пәнаралық пәндердің дамуын күшейту бойынша төтенше күш-жігерге шақыру бар.

2024 жылы Қытай ұлттық стратегияларды жүзеге асыру үшін шұғыл қажет 1 673 бакалавриат бағдарламасын қосты және әлеуметтік-экономикалық дамуға сәйкес келмейтін 1 670 бағдарламаны жойды.

Бүкіл әлем дарынды жастарын тарту

Білім саласына қатысты жаңа құжатта сыртқы әлемге ашықтыққа айрықша көңіл бөлген. Қытай әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды тарту және дайындау, Қытай мен басқа елдер арасындағы жастар алмасуын кеңейту және халықаралық жазғы мектеп бағдарламаларын енгізу саласындағы әлеуетін арттыратын болады.

международные летние школьные программы
Фото: unipage.net

Қытай алдағы үш жылда халықаралық жазғы мектептердің 800 негізгі жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, келесі бес жыл ішінде Қытайға алмасу бағдарламаларына қатысу үшін 50 мың америкалық жасөспірім, ал келесі үш жыл ішінде 10 мың француз жасөспірімі шақырылмақ.

Атап айтқанда, құжатқа сәйкес, Қытай халықаралық академиялық алмасуларды, сондай-ақ білім беру және зерттеу ынтымақтастығын кеңейтеді, халықаралық ғылыми бағдарламаларға бастама жасауда және оларға қатысуда өзінің жоғары деңгейдегі зерттеу университеттерін қолдайды.

Мұнан бөлек, Қытай жаһандық білім беруді басқаруға белсенді қатысады және STEM халықаралық білім беру мекемелерінің құрылуы мен дамуына қолдау көрсетеді.

Үлкен цифрлар

2023 жылғы жағдай бойынша Қытайда мектептер, колледждер мен университеттерді қоса алғанда 498,3 мың білім ордасы болды.

Білім беру жүйесінде 18,92 млн штаттық мұғалім жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарының саны 3 074-ке жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 61 жоғары оқу орнына артық. Оларда 2,07 млн оқытушы жұмыс істейді. Әр түрлі жоғары оқу орындарында 47,63 миллионнан астам студент білім алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,08 миллион адамға көп. Университеттерге, колледждерге және кәсіптік мектептерге 10,42 миллионнан астам оқушы түсті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,73 пайызға артық. Бұған қоса талапкерлерді елдің жоғары оқу орындарына қабылдаудың жалпы коэффициенті 60,2 пайызға жетті.

Қытай студенттері
Фото: solzet.ru

2024 жылы ЖОО түлектерінің саны 11,79 млн адамға жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 210 мыңға артық. Ал 2025 жылы Қытайда жоғары оқу орындарын 12,22 млн адам бітіретіндігі күтіледі. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 430 мыңға түлекке артық.

Осыған дейін Қытайдың валюта қоры 3,21 триллион долларға дейін өскені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар