Қытай чикунгунья вирусын жұқтыру қаупі ең жоғары аймақтар тізімін кеңейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасының Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі ұлттық басқармасы чикунгунья қызбасын жұқтыру қаупі бойынша аймақтардың жіктелуін жаңартып, ең жоғары қауіп тобына тағы бірнеше өңірді қосты, деп жазды Kazinform тілшісі China Daily-ге сілтеме жасап.

Қытай чикунгунья вирусын жұқтыру қаупі ең жоғары аймақтар тізімін кеңейтті
Фото: Синьхуа

Жаңа ұсынымдарға сәйкес, ең жоғары қауіп санатына Чжэцзян, Фуцзянь, Гуандун, Хайнань, Юньнань провинциялары мен Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы енді. Бұл аймақтарға Aedes тектес масалардың ұзақ уақыт бойы белсенді болуы және бұрын денге қызбасының жергілікті жұғу жағдайларының жиі тіркелуі тән.

Жаңартылған бағалау бірнеше аурудың алдын алу стратегиясы аясында, вирусты тасымалдаушылардың географиялық таралуы мен маусымдық белсенділігі ескеріле отырып жүргізілген. Қытайдың барлық провинциялық өңірлері мен Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы қауіп деңгейіне қарай төрт санатқа бөлінген.

Ведомство өкілдері эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл жіктеу жаңартылып отыратынын атап өтті. Қолайлы жағдайда чикунгунья вирусы тез таралуы мүмкін, сондықтан жергілікті билік эпидбақылауды күшейтіп, вирустың тасымалдаушыларымен күресті жандандыруы қажет.

Еске салсақ, чикунгунья қызбасы — Aedes масалары арқылы таралатын өткір вирустық ауру. Оның белгілеріне жоғары қызу, тері бөртпесі және буындардағы қатты ауру жатады. Клиникалық көрінісі жағынан денге қызбасына ұқсас. Билік мәліметінше, Қытайдың оңтүстік өңірлерінде биылдың өзінде 7 мыңнан астам жағдай тіркелген.

Бұған дейін Оңтүстік Қытайдағы Гуандун провинциясының Фошань қаласында чикунгунья безгегімен сырқаттанудың жаңа жағдайларының саны бірқатар алдын алу шараларының арқасында азайғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар