Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай екі провинциясында тайфун салдарын жоюға 40 млн юань бөлді

АСТАНА. KAZINFROM — Қуатты «Бави» тайфуны Қытайдың шығыс жағалауындағы бірқатар ауданға нөсер жаңбыр әкеліп, су тасқыны мен өзге де төтенше жағдайларға себеп болды, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытай екі провинциясында тайфун салдарын жоюға 40 млн юань бөлді
Фото: Синьхуа

ҚХР Қаржы министрлігі мен ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі бірлесіп, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі орталық қордан Фуцзянь және Чжэцзян провинцияларындағы апаттық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсету үшін 40 млн юань (шамамен 5,88 млн АҚШ доллары) бөлді.

Қытайдың Су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік штабы су тасқыны мен тайфун қаупіне байланысты Фуцзянь және Чжэцзян провинцияларында төтенше әрекет етудің екінші деңгейдегі режимін енгізді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, бөлінген қаражат су тасқынына қарсы шұғыл іс-шараларды жүргізуге және тайфун салдарын жоюға бағытталады.

Қаржыландыру ең алдымен зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялау мен уақытша қоныстандыруға, тікелей қауіп-қатерлерді жоюға, ықтимал қайталама апаттардың алдын алуға және өзге де кезек күттірмейтін авариялық-құтқару жұмыстарына жұмсалады.

Биылғы жылдың тоғызыншы тайфуны саналатын «Бави» жексенбіге қараған түні Чжэцзян провинциясындағы Саньмэнь және Цаннань уездерінің аралығындағы жағалауға жетеді деп күтіледі. Құрлыққа шыққаннан кейін тайфун солтүстік-батысқа қарай жылжып, кейін бағытын солтүстікке өзгертеді деген болжам бар.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы Наньнин қалалық округінде нөсер жауыннан кейінгі су тасқыны мен бірнеше су қоймасы бөгеттерінің бұзылуы салдарынан екі адам қаза тауып, шамамен 55 мың адам апат аймағында қалды.

Қытай су тасқынынан зардап шеккен өңіріне қосымша гуманитарлық көмек жібергені айтылды.