Қытай Жеңістің 80 жылдығына байланысты әскери шеру өткізеді
АСТАНА, KAZINFORM – Қытай билігі сейсенбі күні (24 маусым) 3 қыркүйекте Пекинде Жапонға қарсы соғыста және әлемдік фашизмге қарсы соғыста жеңіске жетуінің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын, соның ішінде Тяньаньмэнь алаңында ауқымды әскери шеру өткізетінін жариялады.

Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қытай Орталық әскери комиссиясы Біріккен жауынгерлік бөлімнің жауынгерлік бюро басшысының орынбасары, генерал-майор У Зеке сейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында шараның жоспарын таныстырды. Ол Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің 3 қыркүйекте Тяньаньмэнь алаңында әскери шеруге төрағалық ететінін мәлімдеді.
У Зекенің айтуынша, шеру жаяу әскер бөлімдері, әскери техника, әуе күштерінің ұшақтары және бірқатар озық жауынгерлік техникалардың көрсетілімін қамтиды.
Синьхуа хабарлауынша, шеру барысында «интеллектуалды және ұшқышсыз жабдықтарды қоса алғанда, бірқатар жаңа жауынгерлік күштер» көрсетіледі. Ресми түрде нақты қандай озық қару-жарақтардың көрсетілетіні хабарланбағанымен, шеруге қатысатын барлық техниканың Қытай өз күшімен өндіргенін және «болашақ соғыстарға» арналған жоғары технологиялы қару екені айтылды.
Генерал-майор У Зеке шеру тақырыбының «ұлы жеңісті еске алу және ұлы соғыс рухын дәріптеу» екенін атап өтті. Бұл шара «Си Цзиньпин жолдас басқаратын Орталық партия комитетінің төңірегінде бүкіл партияны, армияны және Қытайдың әр ұлтының халқын тығыз біріктіруге шабыттандыруды», сондай-ақ күшті мемлекет құруды және қытай ұлтының ұлы өрлеуін жүзеге асыруды көздейді.
Қытай тарапы қазіргі уақытта «тиісті елдердің басшыларын, бұрынғы саяси қайраткерлерді, шетелдік елшілерді» және басқаларды шақыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, бірақ қай ел басшыларының шақырылатыны туралы нақты ақпарат берген жоқ.
Қытайдағы соңғы ауқымды әскери шеру 2019 жылы елдің құрылғанына 70 жыл толуына орай Ұлттық мереке күні өткізілген болатын.
Айта кетейік, Қытай АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылын қатаң айыптады.