Қытай экожүйені сақтау үшін өзен бойындағы бөгеттерді жойып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Янцзы өзенінің саласында жүздеген бөгет пен шағын су электр станцияларын бұзды, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайдағы Янцзы өзені
Фото: Синьхуа

Янцзы өзенінің жоғарғы ағысының ірі салаларының бірі — Чишуй өзені бассейнінде қытайлық бекіре мен басқа да сирек кездесетін балық түрлерінің миграция жолдарын қалпына келтіру мақсатында жүздеген бөгет пен шағын су электр станциялары бұзылды.

Чишуй өзені Юньнань, Гуйчжоу және Сычуань провинциялары арқылы ағып өтеді және ұлттық табиғи қорық аумағына кіреді. Алайда алдыңғы жылдары бұл аумақта гидротехникалық нысандардың жаппай салынуы биологиялық әртүрліліктің азаюына алып келді. 2022 жылы қытайлық бекіре жабайы табиғатта жойылып кеткен түр ретінде ресми түрде танылды.

2020 жылы басталған экологиялық қайта құру аясында өзен экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Гуйчжоу провинциясы билігінің мәліметінше, 2024 жылдың соңына дейін 373 шағын ГЭС-тің 342-сі жұмысын тоқтатса, 357 бөгеттің 300-і бұзылған.

Өткен көктемде ғалымдар қалпына келтірілген ортада қытайлық бекіренің табиғи жолмен уылдырық шашуын алғаш рет тіркеді. Қытай ғылым академиясы жанындағы Гидробиология институтының мәліметінше, соңғы деректер Чишуй өзені бассейнінде сирек кездесетін балықтардың мекендейтін ортасы мен көбею жағдайларының қалпына келе бастағанын көрсетіп отыр.

Экожүйені жақсарту жұмыстарына бөгеттерді жоюмен қатар, су алмасуын қалпына келтіру, экологиялық ағынды қамтамасыз ету және негізгі арнаның салалармен байланысын күшейту шаралары да кірді. Ең үлкен қиындық — балықтардың миграциялық жолдарын босату болған.

Соңғы мониторинг деректеріне сәйкес, Чишуй өзені бассейніндегі биологиялық әртүрлілік тұрақты түрде артып келеді. Қытайлық бекіре, азиялық миксоциприн және янюаньдық тұқы сияқты сирек түрлердің саны мен жиілігінің едәуір артқаны тіркелді.

Айта кетейік, бұған дейін біз Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі 29 гидротехникалық нысанды тексеріп жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар