Қытай фенол импортына антидемпингтік баж салығын 5 жылға ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай АҚШ, ЕО және Азия елдерінен әкелінетін фенолға баж салығын сақтап қалды, деп хабарлайды Синьхуа.
ҚХР-дың Сауда министрлігі 2025 жылғы 29 тамыздан бастап АҚШ, Еуропалық Одақ, Оңтүстік Корея, Жапония және Таиландтан әкелінетін фенол өніміне қатысты антидемпингтік баж салығының қолданылу мерзімін тағы бес жылға ұзартатынын хабарлады.
Бұл шешім 2024 жылдың қыркүйегінде қытайлық өнеркәсіп өкілдерінің өтініші бойынша басталған, осы өнімге қатысты антидемпингтік шаралардың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты жүргізілген тергеудің нәтижесінде қабылданды.
Министрлік атап өткендей, егер аталған шаралар алынып тасталса, бұл елдер тарапынан демпинг жалғасуы немесе қайта басталуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Қытайдың өнеркәсіптік секторына елеулі немесе жаңа залал келтіруі ықтимал.
Фенол — өндірістік материалдарды дайындауда кеңінен қолданылатын маңызды органикалық химиялық шикізат. Ол еріткіш, реагент, дезинфекциялық құрал ретінде пайдаланылады және синтетикалық талшықтар, пластмассалар, дәрі-дәрмектер, пестицидтер, хош иістендіргіштер, бояғыштар, лак-бояу өнімдері, сондай-ақ мұнай өңдеу саласында қолданылады.
Осыдан бұрын Қытай сирек кездесетін металдарға бақылауды күшейтетіні мәлім болды.