Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай ғалымдары Құс жолының сыртқы дискісінен толқын тәрізді құрылымдар тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай ғалымдары алғаш рет Құс жолы галактикасының сыртқы дискісіне кеңінен таралған толқын тәрізді құрылымдарды анықтады. Бұл жаңалық Галактиканың үш өлшемді құрылымы мен оның динамикалық эволюциясына әсер ететін процестерді жаңаша зерттеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытай ғалымдары Құс жолының сыртқы дискісінен толқын тәрізді құрылымдар тапты
Фото: Иллюстрация/Purple Mountain Observatory

Зерттеуді Қытай ғылым академиясына қарасты Purple Mountain Observatory (PMO) обсерваториясының ғалымдары жүргізді. Нәтижелері 7 тамызда Nature Astronomy журналында жарияланды.

Құс жолының жалпы пішіні деформацияланған дискіні еске салады: оның бір жағы жоғары, екінші жағы төмен қарай иілген. Мұндай ауқымды деформация «иілу» деп аталады. Алайда бұған дейін галактика ішіндегі неғұрлым ұсақ тік құрылымдарға жүйелі бақылау мен сандық зерттеулер жеткілікті жүргізілмеген.

Ғалымдар 30 мыңнан астам молекулалық бұлт туралы деректерді талдап, олардың үш өлшемді кеңістіктегі орналасуын анықтады. Ол үшін обсерваторияның 13,7 метрлік миллиметрлік телескопы арқылы көміртек монооксиді (CO) спектрлік желісінде алынған бақылау нәтижелері пайдаланылды.

Көміртек монооксиді – жаңа жұлдыздардың түзілуіне қажетті бастапқы материал саналатын суық молекулалық газдың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Зерттеу Құс жолының сыртқы дискісінің шамамен жартысын, яғни Галактика орталығынан 26 килопарсекке дейінгі қашықтықты қамтыды.

Алынған деректер негізінде зерттеушілер сыртқы дискідегі молекулалық газдың иілуінің жаһандық моделін жасады. Ауқымды деформацияны есептен шығарғаннан кейін құрылымнан су бетіндегі ұсақ толқындарға ұқсайтын айқын тік ауытқулар анықталған.

Ғалымдардың пікірінше, бұл құрылымдар сыртқы гравитациялық әсерден туындайтын ауқымды иілу толқындарының көрінісі болуы мүмкін. Мұндай әсердің ықтимал көздерінің бірі – Құс жолының маңынан өтетін серік галактикалармен, соның ішінде ергежейлі галактикалармен өзара әрекеттесуі.

Осылайша, анықталған толқын тәрізді құрылымдар Құс жолының сыртқы дискісі арқылы таралып жатқан гравитациялық өзара әрекеттесулердің өзіндік «іздері» болуы мүмкін.

Айта кетейік, ғалымдар Күн бетінің тарихтағы ең анық суреттерін жариялады.

Ал Персеидтер метеор ағыны 13 тамызға қараған түні шарықтау шегіне жететінін жаздық.