Қытай ғалымдары робот-бөкенді нағыз антилопалар тобына қосынына қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайлық ғалымдар тибет антилопасының түріне ұқсас робот-антилопа жасап, оны нағыз антилопалардың қосынына ілестірді, деп жазды Азертадж.

Роботтың дене пішіні мен жүнінің түсі тірі антилопалармен бірдей, ал басына бейнекамера орнатылды. Ғалымдар бұл технологияны сирек кездесетін тұяқтылардың мінез-құлқын зерттеу үшін қолданған.
Бастапқыда нағыз антилопалар жаңа «мүше» — роботқа қызығушылық танытқан. Алайда олар робот досынан қорықпаған, біраз уақыттан соң оны топқа еркін қабылдаған. Роботтың сынақтан өтуі Цинхай Хо Сил қорығында жүргізілді. Бұл аймақ теңіз деңгейінен 4600 метр биіктікте орналасқан. Мұнда ауа райы суық және оттегі аз, сондықтан адам өміріне қолайсыз. Алайда өңір жануарлар әлемінің байлығы мен әртүрлілігімен танымал.
Жаз мезгілінде мыңдаған тибет аналық антилопалары Зонаг көлінің маңына жиналып, төлдейді. Бұл жануарлар өте үркек келеді – олар тіпті 500–800 метр қашықтықтағы адамды байқаса, қашып кетеді. Ал робот-антилопа бұл жануарларға тарихта алғаш рет өте жақын бара алды.
Модель барынша шынайы көрінуі үшін ғалымдар жануарлардың жүнін модельдеумен айналысатын мамандардың көмегіне жүгінді. Сынақ барысында робот жабайы табиғатта 2 шақырым жол жүріп, шұңқырлар, еңістер мен батпақтардан өтті. Ғалымдар бұл робот-антилопаның көмегімен сирек кездесетін жануардың өмірі туралы бірегей мәліметтер алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Синьхуа».
Ал Қырғызстанда қарақұйрық популяциясы қалпына келтіріліп жатыр.