Қытай ғалымдары Солтүстік Мұзды мұхитқа 16-ғылыми экспедицияға аттанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай ғалымдары жұма күні Ляонин провинциясының Далянь қаласынан «Сюэлун», «Сюэлун-2» және «Цзиди» ғылыми-зерттеу кемелерімен Солтүстік Мұзды мұхитқа 16-ғылыми экспедицияға аттанды, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған экспедицияға төрт кеме – жоғарыда аталған үш кеме мен «Таньсо-3» ғылыми-зерттеу кемесі қатысады. Экспедиция биыл қазан айының алғашқы онкүндігінде аяқталады деп жоспарланып отыр.
Экспедиция барысында жаһандық климаттың өзгеруі және оның салдарын зерттеуге басымдық беріледі. Солтүстік Мұзды мұхиттың негізгі теңіз аймақтарында теңіз мұзы, гидрология, биология, экология және атмосфералық орта бойынша кешенді зерттеу мен мониторинг жүргізіледі.
Экспедиция жетекшісі Ван Цзиньхуэйдің айтуынша, жаһандық жылыну салдарынан Арктиканың табиғи ортасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Әсіресе теңіз мұзының жедел еруі бүкіл адамзаттың өмір сүруі мен тұрақты дамуына тікелей әсер ететін жаһандық мәселеге айналған.
Оның айтуынша, Қытайдың ұзақ мерзімді әрі кешенді арктикалық экспедициялары жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға және Арктика өңірінің орнықты дамуына ғылыми негіз қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Экспедиция барысында халықаралық ғылыми қауымдастық үшін өзекті саналатын Арктикаға қатысты бірқатар мәселе де зерттеледі. Атап айтқанда, Гаккель жотасының қалыптасу механизмі мен мұхиттық жер қыртысының динамикалық эволюциясына ғылыми талдау жүргізіледі.
Сонымен қатар Қытай ғалымдары Ресей, Германия және басқа елдердің зерттеушілерімен бірлескен ғылыми жұмыстар атқарады. Бұл зерттеулер Қытай мен халықаралық қауымдастықтың Арктиканы тереңірек танып-білуіне, оны қорғауға және тиімді басқаруына ғылыми негіз болады.
Айта кетейік, Қытай ғалымдары 10 мың метр тереңдікте материалдарды сынау бойынша 537 күндік зерттеуді аяқтағанын хабарладық.