Қытай Израильден Газадағы әскери операцияны дереу тоқтатуды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай билігі Израильден онсыз да қиын гуманитарлық дағдарысты одан сайын ушықтырмау үшін Газадағы әскери операцияны тоқтатуды талап етті. Бұл туралы ҚХР СІМ ресми өкілі Линь Цзянь мәлім етті, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
- Біз Израильді халықаралық қауымдастықтың үніне құлақ асып, шұғыл түрде Газадағы әскери операцияны тоқтатуды және бүгінгіден де қиын жағдайдағы гуманитарлық дағдарыс туындамау үшін аз уақыт ішінде атысты барлық бағыт бойынша және тұрақты тоқтатуды талап етеміз,-деді ол брифинг барысында.
Ол сонымен қатар Қытайдың барлық мүдделі тараптардың өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына басым бағыт беріп, үн қосады деген үмітте екенін жеткізді.
- Қытай Израильдің Газадағы әскери операциясымен байланысты жағдайдың ушығуына табанды түрде қарсы. Біз азаматтарға шығын келтіріп, халықаралық құқықты бұзатын барлық әрекеттерді айыптаймыз және күннен күнге шиеленісіп бара жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіреміз, - деп толықтырды ресми өкіл.
Осыған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскердің Газаға ауқымды құрлықтық шабуыл бастағанын растады. Оның мақсаты – Газа қаласын толық бақылауға алып, онда қалған палестиналық ХАМАС радикалды қозғалысының мүшелерін толық жою.
Қатардың Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, сейсенбінің түнінде ғана Израиль әуе күштерінің бомбалауы салдарынан Газа мен оған қарасты аудандарда 40-тан астам палестиналық қаза болып, ондаған адам жарақат алған.