Қытай кәдімгі смартфон арқылы алғашқы спутниктік қоңырау жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың спутниктік интернет қызметін ұсынатын компаниясы маңызды технологиялық жетістікке қол жеткізіп, ешқандай қосымша өзгеріс енгізілмеген кәдімгі коммерциялық смартфон арқылы елдегі алғашқы спутниктік қоңырауды сәтті орындады, деп хабарлайды Синьхуа.
Штаб-пәтері Шанхайда орналасқан Yuanxin Satellite компаниясы жұма күні бұл Қытайдағы осындай алғашқы сынақ екенін мәлімдеді. Сынақ барысында байланыс желісі толықтай тұрақты жұмыс істеп, дауыс сапасы жоғары деңгейде сақталған.
Осы айдың басында Қытай «Чжуцюэ-2E» зымыран-тасығышын ұшырып, оның көмегімен екі спутникті орбитаға шығарды. Олардың қатарында Spacesail DTC 01 тәжірибелік спутнигі де бар. Бұл аппарат тікелей спутниктік байланыс қызметтерін көрсету және ғарыштық әрі жерүсті байланыс желілерін біріктіру технологияларын сынақтан өткізуге арналған. Жоба спутниктік байланысты 5G және 6G желілерімен терең ықпалдастыруға техникалық негіз қалыптастыруды көздейді.
Жаңа технологияның ерекшелігі — қарапайым коммерциялық смартфондарға ешқандай аппараттық немесе бағдарламалық өзгеріс енгізуді қажет етпейді. Далалық сынақ кезінде байланыс сигналының деңгейі толық қуатта болған, ал дауыс сапасы заманауи 5G желілеріндегі байланыс деңгейімен шамалас нәтиже көрсеткен.
Компанияның мәліметінше, спутниктік технологияның қолданыстағы мобильді желілермен жоғары үйлесімділігі ғарыштық және жерүсті байланыс инфрақұрылымдарын біріктіруге кең мүмкіндік береді.
2026 жылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша Spacesail Constellation спутниктік топтамасының құрамындағы аппараттар саны 200-ге жетті.
Бұған дейін Қытай интернет технологияларын сынауға арналған жаңа спутник ұшырғанын жазғанбыз.