Қытай Қазақстанмен жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты дамытпақ

жасанды интеллект
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай елімізбен сауда, инвестициялар, энергетика, инфрақұрылым, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық экономика және жаңа энергия салалары бойынша ынтымақтастықты дамыта түсуге ниетті. Бұл туралы аталған елдің Сыртқы істер министрі Ван И мәлім етті. 

«Бүгін біз мағыналы, практикалық және тиімді келіссөз жүргіздік. Екі ел арасындағы саяси өзара сенім нығайып келеді, ел қиындықтарға тап болған кезде қолдау көрсетеміз. Соңғы уақытта Қазақстан ірі су тасқынына тап болды. Бауырлас көрші және стратегиялық серіктес ретінде Қытай қалпына келтіру жұмыстарына одан әрі көмек пен қолдау көрсетуге дайын», - деді Ван И елордаға ресми сапары барысында.

Қытай Сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше, екіжақты өнеркәсіптік ынтымақтастықтың нәтижесінде іске асырылған 45 жобаның ішінде бүгінде 26 жоба аяқталды. Ол жобалар металлургия, энергетика, машина жасау салаларын қамтиды.

«Біздің мұнай-газ және атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығымыз жедел қарқынмен ілгерілеуде. Біз сауда, инвестициялар, энергетика, инфрақұрылым, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық экономика және жаңа энергия сияқты дәстүрлі салаларда ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз», - дейді ол.

Бұған дейін Ван И Қытайдың еліміздегі су тасқынымен күреске көмекті жалғастыратынын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram