Қытай көліктері туралы соншалық қатаң сын естімеппін — Роман Скляр

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінің кулуарында Қытай көліктерінің сапасы туралы пікір білдірді.

Қытай көліктері
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Мен қытайлық автокөліктер туралы қатаң сынаған пікір ешқашан естімеппін. Қалай дегенмен де бұл белгілі бір деңгейдегі фобия деп ойлаймын. Қытай айтарлықтай сапалы өнім шығарып отыр. Мен тіпті ол көліктердің сыртқы бейнесі қандай тартымды екенін айтып та тұрған жоқпын. Бұрындары кореялық автомобильдер туралы да осындай сындар айтылатын. Қытайлық автомобильдер айтарлықтай сенімді, қолданысқа қолайлы, ең бастысы бағасы қымбат емес, — деген Роман Скляр кімнің қай елдің көлігін мінетіні өз қалауы мен қалтасына байланысты деген пайым айтты.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары кей өндіруші көлік құнын түсірмей, қымбат көліктер шығарып отырғанын айтты.

— Кейбір автомобиль өндіруші көлік құнын түсірмей, әлдеқайда қымбат көліктер шығарып отыр. Олардың өз сатып алушылары бар, — деді ол.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков те Қытай көліктерінің сапасы туралы пікір білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар