Қытай компаниясы Алматыда тау-кен саласына арналған ғылыми-зерттеу институтын ашады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Еліміздің оңтүстік астанасында «Алматы – Шанхай» бизнес форумы өтіп жатыр.

«Алматы – Шанхай» бизнес форумы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, іс-шара барысында Beijing Fuxing Yihua Technology Co. Ltd. компаниясы инвестициялық жобасын таныстырды. Бастама аясында қалада тау-кен өнеркәсібіне бағытталған ғылыми-зерттеу институтын ашу жоспарланып отыр.

«Алматы – Шанхай» бизнес форумы
Фото: Алматы әкімдігі

Жоба минералдық шикізаттың құрамын талдауға, байыту сынақтарын жобалауға және металлургиялық үдерістерді әзірлеуге маманданбақ. Бейжіңдегі Fuxing Yihua компаниясының өкілдері Қазақстан тау-кен саласында айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті. Бірақ оның айтуынша, бірқатар бағытта ғылыми-технологиялық сараптама тапшылығы сақталып отыр.

«Алматы – Шанхай» бизнес форумы
Фото: Алматы әкімдігі

- Қазақстан – тау-кен өндірісі қарқынды дамыған ірі елдердің бірі. Минералдық шикізатты талдау, байыту сынақтарын жүргізу және металлургиялық үдерістерді әзірлеу бағыттарында әлі де сұраныс бар. Біз бұл нарықтың мүмкіндігін жоғары бағалаймыз, – деді компания өкілдері.

«Алматы – Шанхай» бизнес форумы
Фото: Алматы әкімдігі

Екі мегаполис арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайтуға бағытталған «Алматы – Шанхай» бизнес форумына Шанхай мэрі Гун Чжэн бастаған делегация қатысты. Форум қорытындысы бойынша 2,7 млрд АҚШ долларынан асатын бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар стратегиялық маңызды меморандум мен келісімге қол қойылды.

Еске салайық, Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған шығындар 19% өсті.