Қытай Қорғаныс министрлігі Жапонияның сыртқы қауіптерді асыра көрсетуін сынға алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Қорғаныс министрлігі Жапония билігін «жасырын мақсатпен сыртқы қауіп-қатерді асыра көрсетіп отыр» деп айыптады, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытай
Фото: pixabay

ҚХР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Цзян Бинь бұл пікірді ведомствоның кезекті баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты. Ол Жапония премьер-министрінің ел қауіпсіздік саласында Екінші дүниежүзілік соғыстан бері ең күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр деген мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.

Цзян Биньнің айтуынша, Азия халықтарына және әлемге үлкен зардап әкелген агрессиялық әрекеттері үшін толық тарихи қорытынды жасамаған Жапония бүгінгі күні де «сыртқы қауіп» туралы мәлімдемелерді әдейі күшейтіп отыр.

– Жапония әкімшілігінің шынайы мақсаты – ішкі мәселелерден қоғам назарын басқа жаққа бұру, халықаралық қауымдастықты жаңылыстыру және қайта қарулану үдерісін жеделдету, – деді ол.

Министрлік өкілі Жапония ұлттық қауіпсіздікке қатысты үш негізгі құжатты қайта қарауды алға жылжытып, соққы беру мүмкіндігі бар әскери әлеуетті күшейтіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ елде ядролық қаруға ие болу мәселесі де талқыланып жатқанын айтты.

Цзян Бинь мұндай қадамдар өңірдегі тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, халықаралық қауымдастықты Жапониядағы «жаңа милитаризмнің» қайта жандануына жол бермеуге шақырды.

Оның сөзінше, бейбітшілікті қолдайтын елдер аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау үшін бірлесіп әрекет етуі қажет.

Айта кетейік, бүгін Қытай Филиппиннен де арандатушылық пен жалған ақпаратты дереу тоқтатуды талап етті.