Қытай косметика саудасына қойылатын талаптарды күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Бас кеден басқармасы косметикалық өнімдерді импорттау және экспорттау тәртібіне жаңа бақылау ережелерін бекітті.
Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Синьхуа дерегіне сілтеме жасап хабарлады.
Жаңа шаралар тұтынушылардың денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Қытайдың Бас кеден басқармасының өкілі Ли Цзиньсун жаңартылған регламент саладағы барлық тізбекке толық бақылау орнатуға мүмкіндік беретінін айтты.
Оның сөзінше, құжат трансшекаралық бизнес рәсімдерін де жеңілдетеді.
Жаңа ереже 2026 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді.
— Ел бойынша кеден органдары фармацевтика нарығын реттеуші мекемелермен және басқа да ведомстволармен тығыз жұмыс істейді. Бұл косметикалық өнімдердің қауіпсіздік жүйесін мемлекеттік реттеудің ұлттық жүйесіне біріктіруге мүмкіндік береді, — деді Ли Цзиньсун.
Шенеуніктің айтуынша, жаңа талаптар декларация рәсімдері мен сараптама жүргізу тәртібін жүйелейді.
Бақылаудан өтпеген өнімдер міндетті түрде жеткізушіге қайтарылады немесе жойылады.
Соңғы жылдары косметика секторы Қытайдың сыртқы саудасындағы стратегиялық маңызды бағыттардың біріне айналған.
Сала тұрақты өсім көрсетіп келеді.
2025 жылы Қытайдағы косметика айналымы 171,61 миллиард юаньға жеткен.
Бұл шамамен 25,06 миллиард долларға тең.
Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 2,7 пайызға жоғары болған.
Айта кетейік, Қытайда киберкеңістікке қатысты 180-нен астам заң мен нормативтік акт күшіне енді.