Қытай Ляонин провинциясындағы су тасқынының салдарын жоюға 30 млн юань бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Қаражат бүлінген жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге және тұрғындардың қалыпты өмірге тезірек оралуына бағытталады, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытайдың Мемлекеттік даму және реформалар комитеті (МДРК) елдің солтүстік-шығысындағы Ляонин провинциясында нөсер жаңбыр мен су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына орталық бюджеттен 30 миллион юань (шамамен 4,4 миллион АҚШ доллары) бөлді.
Комитеттің мәліметінше, бөлінген қаражат негізінен бүлінген инфрақұрылымды, оның ішінде автожолдарды, сондай-ақ мектептер сияқты әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге жұмсалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қалыпты еңбек қызметі мен күнделікті өміріне тезірек оралуына мүмкіндік береді.
Биылғы тоғызыншы «Бави» тайфунының солтүстікке қарай жылжуы салдарынан Ляонин провинциясында нөсер жауын жауып, ауқымды су тасқыны болды. Табиғи апаттан әсіресе Шэньян мен Фушунь қалалары және басқа да елді мекендер қатты зардап шекті.
Бұған дейін, сейсенбі күні Қытайдың Табиғи апаттардың алдын алу және олардың зардабын азайту жөніндегі мемлекеттік комитеті Ляонин провинциясында төртінші деңгейдегі төтенше әрекет ету режимін енгізген болатын.
Бұдан бұрын ҚХР Қаржы министрлігі мен ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі бірлесіп, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі орталық қордан Фуцзянь және Чжэцзян провинцияларындағы апаттық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсету үшін 40 млн юань (шамамен 5,88 млн АҚШ доллары) бөлгені хабарланды.