Қытай Моңғолияға өтеусіз әскери көмек көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Қорғаныс министрлігі Моңғолияға өтеусіз әскери көмек берді, деп хабарлайды Монцамэ.
Моңғолия мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық аясында Қытай Қорғаныс министрлігі Моңғолияға әскери техника мен жабдықтарды өтеусіз әскери көмек ретінде табыстады.
Осыған байланысты моңғол тарапына автобустар берілді. Олар Моңғолия Қорғаныс министрлігінің жеке құрамын тасымалдау жағдайын жақсартуға, министрлікке қарасты бөлімшелер мен ұйымдардың қызметін қамтамасыз етуге, сондай-ақ әскери қызметшілердің күнделікті жауынгерлік әзірлігін арттыруға арналған.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Моңғолияның қорғаныс министрі Д.Батлут екі ел басшыларының жетекшілігімен Моңғолия мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік барлық бағытта табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, ол Моңғолия Премьер-министрі Н.Учралдың және оның орынбасары Н.Номтойбаярдың Қытайға жасаған сапарлары, сондай-ақ Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И мен оның орынбасары Сунь Вэйдунның Моңғолияға сапарлары екі елдің екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретінін көрсеткенін айтты.
Ол Қытай Қорғаныс министрлігі ұсынған өтеусіз әскери көмектің Моңғолия Қарулы күштерінің әлеуетін нығайтуға, әскери техника мен жабдықтарды жаңартуға нақты қолдау екенін айтып, Қытай тарапына шынайы алғысын білдірді.
Тараптар бұл іс-шара екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен өзара сенімді одан әрі тереңдетуде маңызды мәнге ие екенін атап өтті.
Салтанатты рәсімге Қытайдың Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шэнь Миньцзюань, Қытай елшілігінің әскери атташесі, сондай-ақ екі елдің қорғаныс ведомстволарының басшылары мен ресми өкілдері қатысты.
Осыған дейін Моңғолия Дүниежүзілік жылқы күнін алғаш рет халықаралық деңгейде өткізетінін жазғанбыз.