Қытай-Непал шекарасында жоғалған қазақстандықтар әлі табылмады — ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов Қытай-Непал шекарасындағы табиғи апатта хабарсыз кеткен отандастар туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

Қытай-Непал
Фото: Анадолы

— Қытайдың Непал шекарасында болған апат аумағында біздің үш азаматшамыз хабар ошарсыз кеткен болатын. Қазіргі таңда оларға қатысты еш жаңалық жоқ. Біздің дипломаттарымыз жергілікті билік органдарымен жұмысты жалғастырып жатыр. Іздестіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Олардың отбасыларымен байланыс орнаттық, — деді Ж. Үсенов Астанада өткен апталық брифингте.

Ресми өкіл азаматтарға қатысты жеке деректер жария етілмейтінін атап өтті.

Айта кетейік, 26 тамызда Қытай мен Непал шекарасындағы Гималай тауларында болған жойқын табиғи апат екі ел аумағын қамтып, жүздеген адамның өмірін қиды. Непалдың солтүстігіндегі елді мекендер мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы Жилун шекаралық өткізу бекеті тасқын мен лай көшкінінен қатты зардап шекті.

29 тамызда Қытай-Непал шекарасында Қазақстанның үшінші азаматына іздеу салынды.

Елді қалпына келтіруге 4,78 млрд доллар қажет.