Қытай Непалға гуманитарлық көмектің үшінші партиясын жіберуге дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай қазіргі уақытта Непалдың қажеттіліктерін ескере отырып, шұғыл гуманитарлық көмектің үшінші партиясын жөнелтуге дайындық үстінде. Бұл туралы сәрсенбі күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь мәлімдеді, деп жазады Синьхуа.

Қытай Непалға гуманитарлық көмектің үшінші партиясын жіберуге дайындалып жатыр
Фото: Синьхуа

Оның айтуынша, Қытай ұсынған шұғыл гуманитарлық көмектің екінші партиясы сейсенбі күні түстен кейін Непал астанасы Катмандуға жеткен. Сол ұшақпен ДНҚ арқылы сәйкестендіру бойынша бес сарапшы да Непалға барып, тиісті жұмыстарға көмектесетін болады.

Го Цзякунь 26 тамызда екі елдің шекаралас аудандарында сел жүргеннен кейін Непал тарапы Қытайдың қосымша көмек пен техникалық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіргенін атап өтті.

Қытай дипломатының мәліметінше, Непалдың қажеттіліктеріне байланысты үшінші партия гуманитарлық көмекке Бейли көпірлері, індеттің алдын алуға арналған материалдар және шұғыл байланыс құралдары кіреді. Сонымен қатар Қытай ДНҚ арқылы сәйкестендіру бойынша сарапшылардың екінші тобын жіберуге дайын.

Го Цзякунь Қытайдың Непалдағы азаматтары мен мекемелерінің қауіпсіздігіне үлкен мән беретінін айтты. Қазір Қытай тарапы Непал билігімен бірлесіп, із-түзсіз жоғалған Қытай азаматтарын табу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Оның айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен Непал аумақтарында 100-ге жуық Қытай азаматы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Қытай тарапы Непалдың көрсетіп отырған көмегін жоғары бағалап, елдегі Қытай азаматтарын құтқару және эвакуациялау жұмыстарына қолдау көрсетуді жалғастырады деп үміттенеді.

Қытайдың Непалдағы елшілігі көмекке мұқтаж Қытай азаматтарына қолдау көрсету үшін барлық күш-жігерін жалғастырады.

Осыған дейін Непалдағы су тасқынынан жоғалып кеткен туристер байланысқа шыға бастағанын жазғанбыз.

Сонымен қатар Непал мен Қытай шекарасы аймағында Қазақстанның екі азаматшасын іздестіріліп жатқаны хабарланды.