Қытай Орталық Азиядағы авиацияны дамыту шараларын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Орталық Азия елдері мен Қытайдың азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының екінші конференциясы өтіп жатыр. Қытай тарапы өңірдегі әуе қатынасын жақсарту бойынша ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қытай Азаматтық авиация әкімшілігі халықаралық байланыстар департаменті бас директорының орынбасары Бай Венлидің атап өтуінше, авиация Еуразиялық көлік торабын құруда маңызды рөл атқарады. Кейінгі бір жылда Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тікелей әуе рейстерінің саны 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге дерлік, 2019 жылдан бастап үш есеге өсті. Қазір Қытай аймақтың барлық бес астанасына тікелей әуе рейсі арқылы қосылған.
Бай Венли Қытайдың одан әрі ынтымақтастық туралы бес негізгі ұсынысын атап өтті:
1. Әуе компаниялардың серіктестігін сақтап, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды кеңейту.
2. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін кедендік рәсімдер мен трансферді жеңілдету.
3. Әуежайларды жаңғырту және авиациялық отынның құнын төмендету.
4. Ұшу қауіпсіздігін бақылауды күшейту.
5. Техникалық алмасуды және кадрларды оқытуды кеңейту.
Оның айтуынша, аймақтағы авиацияны дамыту барлық елдің бірлескен жұмысы жағдайында ғана мүмкін. Сөз соңында Бай Венли: «Бір ат он пұт шаң көтермейді» деген қытай мақалын негізге алып, үлкен нәтижеге жету үшін күш пен ұжымдық жұмысты біріктірудің маңыздылығына тоқталды.
Қазақстан үшін бұл авиациялық инфрақұрылымды бірлесіп дамыту және көлік дәліздерін жақсарту үшін көршілерімен және серіктестерімен белсенді ынтымақтастық қажеттігін білдіреді. Мұндай бірлескен күш-жігер еліміздің еуразиялық авиация кеңістігіндегі позициясын нығайтуға көмектеседі және тұтастай алғанда аймақтың экономикалық өсуіне ықпал етеді.
Конференцияға Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның авиациялық билік орындары, әуе компаниялары мен әуежайларының өкілдері қатысып жатыр. Іс-шара азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Бұған дейін