Қытай пандаларын Жапониядан қайтарып алады
АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның батысындағы хайуанаттар бағынан несиеге алынған 4 алып панданың барлығы Қытайға маусым айының соңында, мерзімінен бұрын оралады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі The Mainichi басылымына сілтеме жасап.

– 24 жастағы Раухин және оның балалары – сегіз жасар Юхин, алты жасар Сайхин және төрт жасар Фухин Ширахама қаласындағы (Вакаяма префектурасы) Adventure World ойын-сауық саябағынан шығып, өздерінің жаңа үйіне – алып пандаларды өсіру жөніндегі ғылыми орталыққа барады, - деп жазды жапон басылымы.
Еске салайық, Вакаяма саябағы мен Қытайдың ғылыми орталығы арасындағы пандаларды өсіру бойынша серіктестік бағдарламасы 1994 жылы басталды. Дәл осы уақытта Жапонияға Эймей аталығы әкелінді.
2023 жылы Эймей Қытайға қайтарылды және 2025 жылдың басында көз жұмды.
The Mainichi басылымының жазуынша, осы төрт панда кеткеннен кейін Жапонияда екі алып панда ғана қалады. Екі панда да Токиодағы Уэно хайуанаттар бағында тұрады. Алғашқы пандалар 1972 жылы Қытайдан екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанын тойлау үшін келген.