Британ барлау қызметі: Қытай парламентте тыңшылық жасауға әрекеттеніп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР МҚМ агенттері британ парламентінің мүшелерінен ақпарат алуға тырысып отыр. Олар бұл мақсатта танысу сайттарын, рекрутинг агенттіктерін және басқа да құралдарды пайдаланып келеді, деп хабарлайды DW.
Бұл туралы MI5 барлау қызметі мәлім етті.
Британдық MI5 қарсы барлау қызметі парламент мүшелерін қытайлық агенттердің олардан ақпарат алу және қызметіне ықпал ету әрекеттері туралы ескертті.
Сейсенбі, 18 қарашада Reuters агенттігі, BBC және The Guard сияқты британдық БАҚ хабарлағандай, барлау қызметінің Қытай тыңшылығы туралы ескертуін Ұлыбритания парламенті екі палатасының (Қауымдар палатасы және Лордтар палатасы) спикерлері Линдси Хойл мен Джон Макфолл таратты.
Парламент депутаттарына жолдаған сөзінде Хойл Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі «олардың атынан әрекет етіп жүрген кәсіби танысу сайттары, жұмысқа орналастыру агенттіктері және кеңесшілерді пайдаланып, ақпарат жинау және ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың негізін қалау» ниетімен «қауымдастығымыздың өкілдерімен белсенді түрде байланысып отырғанын» мәлімдеді.
Бұған дейін Ұлыбританияның сыртқы барлау қызметі MI6 жасырын интернетте (даркнет) жаңа портал ашып, шпиондар тарту жүйесін іске қосқанын жазған едік.