Қытай Парламентінің басшысы «Достық» орденімен марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи Астанаға ресми сапарында І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді. 

Қытай Парламентінің басшысы «Достық» орденімен марапатталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

25 мамырда Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың шақыруымен Чжао Лэцзи Астанаға ресми сапармен келген еді.

— Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы қабылдап, қазақ-қытай жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік пен өзара құрмет рухын ілгерілетуге қосқан жеке үлесі үшін оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, — деді Ерлан Жетібаев Астанада өткен апталық брифингте.

Сапар аясында ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Қазақстан Парламентінің екі палатасының спикерлерімен келіссөздер өткізді.

Кездесуде тараптар елімізде жүзеге асырылып жатқан құрылымдық саяси реформалар аясында парламентаралық диалогты одан әрі тереңдету және дамыту мәселелерін жан-жақты талқылаған.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Қазақстанға ресми сапармен келген Чжао Лэцзи кездесуі туралы хабарлаған едік.