Қытай Парсы шығанағы елдерін еркін сауда туралы келісімге қол қоюды жеделдетуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бейжің протекционизмнің күшеюі аясында Парсы шығанағындағы дипломатиялық күш-жігерді жандардырып, экономикалық интеграция мен көпжақты тәсілге баса назар аударып отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Қытай Парсы шығанағы елдерін еркін сауда туралы келісімге қол қоюды жеделдетуге шақырды
Фото: x.com / @SpoxCHN_LinJian

Қытай сыртқы істер министрі Ван И Парсы шығанағындағы араб мемлекетері ынтымақтастық кеңесі елдерін Қытаймен 20 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөзді аяқтауға шақырды.

Ол бұл мәлімдемені дүйсенбі күні Эр-Риядта кеңестің Бас хатшысы Джасем Мохаммед әл-Будайвимен кездесуі кезінде жасады.

Қытай СІМ басшысының айтуынша, келісім жасасудың шарттары «негізінен пісіп-жетілді» және түпкілікті шешім қабылдау уақыты келді. Ван И еркін сауда туралы келісімге қол қою әлемдік саудада протекционизм мен біржақтылықтың артуы аясында көпжақтылықты қорғау үшін «әлемге күшті белгі» болатынын атап өтті. 

Қытай СІМ атап өткендей, Бейжің Парсы шығанағы мемлекеттерімен сауда, инвестиция, энергетика салаларында және басқа да бағыттарда ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі, сондай-ақ Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің стратегиялық автономия мен аймақтық интеграцияны нығайтуға деген ұмтылысын қолдайды.

Сапар барысында Ван И Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі ханзада Фейсал бин Фархан әл-Саудпен келіссөз жүргізді. Тараптар аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша үйлестіруді күшейтуге келісіп, Эр-Риядтың Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен дипломатиялық процестерді қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.

Бірлескен мәлімдемелерде Палестина мәселесін жан-жақты және әділ шешуге қол жеткізуге бағытталған күш-жігерді қолдау, сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру баса айтылды.

Ван И сондай-ақ Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен кездесіп, Қытайдың корольдікдің «сенімді серіктесі» болуға және аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді.

Сапар қорытындысы бойынша екі тарап дипломатиялық және арнайы төлқұжат иелері үшін визаларды өзара алып тастау туралы келісті. 
Қытайлық дипломаттың Таяу Шығысқа сапары Біріккен Араб Әмірліктерінде басталды және сейсенбіде Иорданияда аяқталады деп күтіліп отыр. 

Соңғы жаңалықтар