Қытай зақымдалған ғарыш кемесінің экипажын Жерге қайтаруға дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай «Шэньчжоу-20» ғарыш кемесінің экипажын Жерге қайтару жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Қытай ғарыш
Фото: Анадолу

Қытайдың CMSA агенттігінің хабарлауынша, дайындық жоспарға сай және бекітілген кесте бойынша жүргізіліп келеді.

Агенттік мәліметінше, кемеде зақым анықталғаннан кейін төтенше жағдай хаттамалары іске қосылып, «Шэньчжоу-20» аппаратының қауіпсіздігін тексеру және талдау жұмыстары жүргізілген. Бұл шаралар экипаждың Жерге қауіпсіз оралу мүмкіндігін анықтау үшін қолға алынған. Дегенмен мәлімдемеде экипаждың нақты қашан оралатыны көрсетілмеген.

South China Morning Post басылымының хабарлауынша, CMSA-дегі дереккөздер қытайлық ғарышкерлерді қайтару үшін жаңа ғарыш кемесін ұшыру мүмкін екенін айтқан.

Әңгіме бастапқыда келесі экипажды ғарыш станциясына жеткізуге арналған «Шэньчжоу-22» кемесі туралы болып отыр. Ол қазір Қытайдың солтүстік-батысындағы Цзюцюань ғарыш айлағында дайын тұр.

Үш тайконавтың Жерге оралуы 5 қарашаға жоспарланған еді, алайда «Шэньчжоу-20» кемесіндегі зақымға байланысты миссия кейінге қалдырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зақым ғарыштық қалдықтармен соқтығысу салдарынан болған.

«Шэньчжоу-20» экипажы 24 сәуірде орбитаға ұшырылып, ғарышта алты айдан астам уақыт өткізді. 31 қазанда олар орбитада «Шэньчжоу-21» жаңа экипажымен вахта ауыстыру рәсімін өткізген.

Қазіргі уақытта Қытайдың «Тяньгун» ғарыш станциясында үнемі үш қытайлық ғарышкер жұмыс істейді. Экипаждар әр алты ай сайын ауысып отырады.

Айта кетейік, Қытай алғашқы ғарыштық туризм жобасын таныстыратынын жаздық. Сондай-ақ Қытай төмен орбиталы жерсеріктер тобын ұшырғанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар