Қытай «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесі орбиталық станциямен түйісті

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың «Шэньчжоу-23» басқарылатын ғарыш кемесі «Тяньгун» ұлттық орбиталық станциясының негізгі модулімен сәтті түйісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі. 

Қытай «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесі орбиталық станциямен түйісті
Фото: Xinhua

ҚХР басқарылатын ғарыштық ұшулар басқармасының (CMSA) мәліметінше, түйісу дүйсенбі күні Бейжің уақытымен таңғы сағат 2:45-те тіркелді. Жақындау және орнығудың бүкіл процесі шамамен 3,5 сағатқа созылды.

Станция бортында орналасқан «Шэньчжоу-21» экипажы люктерді таңғы сағат 5:13-те ашты. Келіп жеткен әріптестерімен амандасқаннан кейін ғарышкерлер орбитадағы айналымын орындауға кірісті.

Жақын арада нысанда бір уақытта алты адамның өмір тіршілігін қамтамасыз ету басталады. Бұл айналым Қытайдың ғарышқа басқарылатын ұшу бағдарламасы тарихындағы сегізінші «ғарыштық кездесу» болды.

Еске салсақ, «Шэньчжоу-23» миссиясы барысында экипаж ғарыш биологиясы, материалтану, микрогравитация, аэроғарыш медицинасы және жаңа технологиялар салаларында 100-ден астам ғылыми және қолданбалы жобаны жүзеге асырады.

Ғарышкерлер ғарыштағы эмбриондық дамуды зерттеу үшін данио-рерио балығының эмбриондарына, тышқандарға және бағаналы жасушалар негізіндегі «жасанды эмбриондарға» тәжірибелер жүргізеді. Сондай-ақ жаңа сирекжер магниттері мен жеңіл жоғары энтропиялық қорытпалар жасау жоспарланып отыр.

Қытай ғарышкерлерінің бірінің бір жылдық миссиясы адамның орбитада ұзақ уақыт болуға бейімделуін зерттеуге бағытталған. Экипаж жаңа ғарыш аккумулятор батареясын сынақтан өткізіп, ашық ғарышқа шығып, сыртқы жабдықтармен операциялар жүргізеді.

Осыған дейін Қытай «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесін ұшырғанын хабарладық.