Қытай шетелдік IT мамандарына арналған жаңа «K визасын» іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада Қытайда технология саласындағы шетелдік мамандарды тартуға бағытталған жаңа визалық бағдарлама іске қосылады, деп жазды AZƏRTAC.

Бұл қадам Бейжіңнің геосаяси тұрғыдан Вашингтонмен бәсекелестіктегі ұстанымын күшейтеді деп күтіледі. Себебі АҚШ-тың жаңа визалық саясаты шетелдік үміткерлерді балама нұсқаларды іздеуге итермелеп отыр.
Қытайда білікті жергілікті инженерлер жетіспесе де, бұл бағдарлама Бейжіңнің шетелдік инвестициялар мен таланттарды тартуға ашық ел ретінде өзін көрсетуге ұмтылуының бір бөлігі. Өйткені АҚШ енгізген жаңа кедендік баж салықтарына байланысты артып келе жатқан сауда шиеленістері елдің экономикалық болашағына теріс әсер етіп отыр.
Reuters агенттігі Қытайдың шетелдік инвестициялар мен туризмді ынталандыру мақсатында бірқатар қадамдар жасағанын жазады. Атап айтқанда, шетелдік инвесторлар үшін көбірек секторлар ашылып, Еуропаның көптеген елдері, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа елдердің азаматтары үшін визасыз режим енгізілді.
Тамыз айында жарияланған K визасы — ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салаларындағы жас шетелдік университет түлектеріне арналған. Бұл виза шетелдіктерге жұмыс берушінің шақыруынсыз Қытайға келуге, тұруға және жұмыс істеуге мүмкіндік беруді уәде етеді. Бұл, әсіресе, АҚШ-та жұмыс істеуге шектеу қойылған адамдар үшін балама ретінде қызықты болуы мүмкін.
Бұған дейін, осы айда Дональд Трамп әкімшілігі компаниялардан шетелдік жоғары білікті мамандарды жалдауға кеңінен қолданылатын H-1B жұмыс визасы үшін жылына 100 мың АҚШ доллары көлемінде төлем жасауды талап ететінін мәлімдеді.
Оңтүстік Корея, Германия және Жаңа Зеландия сияқты басқа елдер де шетелдік білікті мамандарды тарту үшін визалық ережелерді жеңілдетіп отыр.
Иммиграция саласының сарапшыларының айтуынша, K визасының басты артықшылығы — жұмыс берушінің демеушілігі талап етілмейді. Бұл — H-1B визасын алу жолындағы негізгі кедергілердің бірі болып келген.
Алайда, уәделеріне қарамастан, K визасына қатысты кейбір қиындықтар бар. Қытай үкіметінің ұсынымдарында «жас мөлшері, білімі және жұмыс тәжірибесі» бойынша талаптар нақты көрсетілмеген. Сондай-ақ, қаржылық ынталандыру, жұмысқа орналастыруға көмектесу, тұрақты тұру немесе отбасын шақыру сияқты мәселелер бойынша ақпарат берілмеген. АҚШ-тан айырмашылығы, Қытай шетел азаматтарына азаматтықты тек өте сирек жағдайларда ғана береді.
Тағы бір елеулі кедергі — тіл мәселесі: Қытайдағы технологиялық компаниялардың көпшілігі қытай тілінде жұмыс істейді, бұл қытай тілін білмейтін шетелдіктердің мүмкіндігін шектейді.
Айта кетейік, Қытайда екі жаңа дүниежүзілік биосфералық қорық тіркелді.