Қытай СІМ Баспасөз қызметінің жетекшісі: АҚШ — тек қағаз жолбарыс, түртіп қалса тесіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Сыртқы істер министрлігі Баспасөз қызметінің жетекшісі Мао Нин әлеуметтік желіде ҚХР-ның негізін қалаушы Мао Цзэдунның «АҚШ — тек қағаз жолбарыс, түртіп қалсақ тесіледі» деген әйгілі сөзін еске түсіретін жазба жариялады.

Мао Нин 11 сәуір күні таңертең X платформасында: «Қытай ешқашан қоқан-лоқы жасамайды — ал ондайларды біз бірден танимыз» деп жазды.
Бұл жазбаға қоса салынған суретте Мао Цзэдунның 1964 жылғы мәлімдемесінің ағылшынша мәтіні келтірілген:
— АҚШ кей елдерді қорқытып, олардың бізбен сауда жасасуына жол бермей отыр. Бірақ Америка — тек қағаз жолбарыс, сендер оған сенім артпаңдар, ол түртіп қалсақ тесілгелі тұр.
Сөйтіп, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда жанжалы өршігеннен бері Мао Нин X платформасында қатарынан екі күн бойы Мао Цзэдунның «қанатты сөздерімен» бөлісті.
10 сәуір күні ол Мао Цзэдунның 1953 жылы ақпанда Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің жиналысында сөйлеген сөзінен бейнеүзінді жариялаған болатын. Бейнеүзіндіде Мао Цзэдун Корей соғысы туралы былай дейді:
— Бұл соғыстың қанша уақытқа созылатынын біз шешпейміз. Бұл мәселені бұған дейін Трумэн шешкен, енді Эйзенхауэр немесе Құрама Штаттардың болашақ президенттері шеше жатар. Яғни, олар бұл соғысты қанша уақытқа дейін жалғастырамыз десе, біз де сонша уақытқа — толық жеңіске жеткенге дейін жалғастырамыз!
Мао Нинның бұл жазбасы X желісінде қазірге дейін 10 миллионнан астам қаралым жинап үлгерді.
Қытайда желі қолданушылары X платформасына кіре алмайды. Бірақ соған қарамастан бейсенбі күні бұл жаңалық бірқатар қытайлық БАҚ-та жариялады. «Мао Нин төраға Маоның асқақ лебізін еске түсіретін бейнежазбамен бөлісті» деген ақпарат Қытайдың интернет кеңістігінде дүмпу тудырып, қызу талқыланып жатыр.
Бұған дейін Қытай СІМ ресми өкілінің «АҚШ-тың өктемдігіне жол бере алмаймыз» деп мәлімдегенін жазған болатынбыз.