Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай СІМ: British Steel мәселесін жіті бақылап отырмыз

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания билігі арнайы заң қабылдап, қытайлық компанияға қарасты British Steel компаниясын мемлекет меншігіне алу туралы шешім шығарғаннан кейін Қытай Сыртқы істер министрлігі жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.

Қытай
Фото: pixabay

Қытай СІМ 18 шілде күні жарияланған ресми мәлімдемеде бұл мәселенің қалай шешілетіні қытайлық инвесторлардың Ұлыбританияның инвестициялық жағдайы жөніндегі бағасына және Қытай жұртшылығының британ үкіметінің сенімділігі жайлы көзқарасына тікелей әсер ететіні айтылған.

Қытай СІМ Қытай мен Ұлыбритания үкіметтері арасында инвестицияларды өзара қорғау туралы келісім бар екенін еске салды. Мәлімдемеде инвесторлардың заңды құқығы мен мүддесінің жан-жақты қамтамасыз етілуге тиіс екені баса айтылды. Сондай-ақ Қытай тарапы Лондонды нарық қағидаттары мен келісімшарт талаптарын құрметтеуге, өтемақы мәселесін қоса алғанда, қос тарап та қабылдай алатын әділ шешім табуға шақырды.

Қытай СІМ қытайлық кәсіпорынның өз құқығын заң аясында қорғауына қолдау көрсететінін айта келіп, оқиғаның қалай өрбитінін мұқият бақылауға алғанын, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қолданатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қытайдың Jingye Group компаниясы ұлыбританиялық British Steel-ді 2020 жылы сатып алған. Алайда өткен жылы Ұлыбритания үкіметі тығырыққа тірелген компанияның қызметіне араласа бастағалы Jingye Group-тың аталған кәсіпорынға билігі жүрмейтін болған.

Бұған дейін Jingye Group Англияның Сканторп қаласындағы зауыттың қаржылық тұрғыдан тиімді жұмыс істеуі мүмкін емес екенін мәлімдеген. Соның салдарынан шикізаттан дайын өнімге дейін толық циклмен жұмыс істейтін Ұлыбританиядағы соңғы зауыт жабылып қалуға шақ қалып тұрған еді.

Осыған байланысты Ұлыбритания үкіметі 2025 жылы сәуір айында зауыт жұмысын өз бақылауына алды және биыл мамырда British Steel компаниясын мемлекет меншігіне алу мақсатында тиісті заңдарға өзгеріс енгізетінін жариялады. 

16 шілдеде Ұлыбритания үкіметі тиісті заңнамалық процестердің толық аяқталғанын хабарлады. Ал 17 шілдеде Қытайдың Сауда министрлігі Лондонды халықаралық ережелерді қатаң сақтауға, Қытай мен Ұлыбритания арасындағы инвестицияларды қорғау туралы келісімшартта көзделген міндеттемелерін мүлтіксіз орындауға, Ұлыбритания нарығындағы қытайлық кәсіпорындарға әділетті көзқарас ұстануға және олардың заңды құқығы мен мүддесін қамтамасыз етуге шақырған болатын.