Қытай спутниктері көбейіп келеді: Президент кеңесшісі заң қабылдауда кешікпеу керегін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев шетелдік ірі спутник операторларын Қазақстанда локализациялаудың маңыздылығы туралы пікір білдірді.

Қытай спутниктері көбейіп келеді: Президент кеңесшісі заң қабылдауда кешікпеу керегін айтуда
Фото: Мухтор Холдорбков/Kazinform

Astana Hub алаңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырған «Телекоммуникациялар туралы» заң жобасын әзірлеу туралы стратегиялық сессия өтіп жатыр.

Қ.Есекеев Қазақстандағы теледидар нарығының дамуы туралы айтып, 2010 жылы басталған цифрлық телевизияны енгізудің кешігуі нарыққа айтарлықтай өзгерістер алып келгенін атап өтті.

– 2010 жылы мемлекет телевизия нарығын құруды бастады, онда цифрлық телевизияны өте жылдам енгізу жоспарланған еді. Осы жылды алсақ, жоба 12 жылға созылып келеді. Осы 12 жылда нарықта қандай өзгерістер болғанын көрдік. Ресейлік операторлар лицензиясыз-ақ нарықта қызмет ете бастады. Қазірдің өзінде Қазақстанда шамамен миллион ресейлік абонент бар. Цифрлық телевизияны дамытудың баяу жүруі нарықтың қатты түрленуіне әкелді. Қазіргі уақытта телевизия нарығын тек мобильді операторлар қалыптастырып отыр, ал дәстүрлі нарық, мысалы, кабельдік телевидение арқылы жеткізу мүлдем жойылды. Ал Ресейде, керісінше, көптеген дәстүрлі кабельдік операторлар интернет пен телевидениені бірге ұсынады, – дейді Президент кеңесшісі.

Оның айтуынша, уақытында қабылданбаған заң нормалары тұтас индустрияны жойып жіберді. Бүгінде осындай жағдай телекоммуникациялар нарығында да қайталануы мүмкін.

– Негізінде, қазір байланыс нарығы дәл осындай кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мысалы, Нигерияда Starlink өте жылдам оператор атанды. Ал реттелмеген қызмет көрсету телекоммуникация нарығының қайта құрылуына әкеп соқты. Классикалық ұялы байланыс бизнесінде стандарттар тартысы мен жиіліктер үшін күрес болса, интернет жеткізу саласында – орбиталық спутник операторлары қатысатын үлкен бәсекеге толы нарыққа кез болдық. Ең ірі оператор – Starlink, сонымен қатар AST Mobile мобильді операторлармен жұмыс істеуді бастады. Менің ойымша, жаңа заңнамалық шаралар қазір өте маңызды, біз нарықтағы тарихи қателіктерді қайталамауымыз керек, – деп атап өтті Есекеев.

Осыған байланысты Қ.Есекеев реттеуші органдарды шетелдік компанияларды елде локализациялау мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды.

– Егер олар локализацияланбаса, біздің нарық автокөлік нарығы сияқты лық толады. Қазір Қытайда қаншама өндіруші барын көріп отырсыздар, Қытайдың шамамен үш ірі спутник компаниясы бар, олар орбитаға 15-20 мыңдай спутник орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл нарықтың құрылымын айтарлықтай өзгертетіні анық, – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Қазақстан пойыздарында интернет қашан пайда болатыны хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар